«Бір бұрағышпен» құрастырылған көлікке миллиардтар бөлініп жатыр

«Бір бұрағышпен» құрастырылған көлікке миллиардтар бөлініп жатыр
Қазақстанда құрастырылған көліктер шынымен отандық өнім бе, әлде біз дайын машинаны шанақ деп кіргізіп, салықтан жалтарып жатырмыз ба? Мәжілістегі жалпы отырыста «AMANAT» партиясының депутаты Мархабат Жайымбетов дәл осы сауалмен Үкіметке шүйлікті. Оның айтуынша, автокөлік өндірісіне бөлініп жатқан миллиардтаған қаражаттың қайтарымы тым күмәнді, деп жазады Ozgeris.info. 
 
«Бұрағыш әдісімен» құрастырылған көліктер – отандық өндіріс пе? Депутаттың айтуынша, бастапқыда бұл тәсіл (яғни шанақ пен бірнеше негізгі бөлшекті бір жерге бұрап жинау) индустрияны қозғау үшін тиімді болған. Жеңілдікпен 2 млрд теңге инвестиция құйып, жылына 25 мың көлік құрастырсаң – жетіп жатыр. Бірақ уақыт өте келе бұл жүйе өз миссиясын орындады. Енді бұл форматтың аясы тым тар – технологиялық, экономикалық тұрғыдан еш пайда әкелмейді.
 
«Әлі күнге дейін сол әдіспен жұмыс істеп отырғандар бар. Соның ішінде ірі компаниялар – “СарыарқаАвтоПром” мен Hyundai Trans Kazakhstan. Бұл өзге инвесторларға әділетсіздік туғызып отыр», – дейді Жайымбетов.
Мәжілісмен нақты сандарға да жүгінді: 2023 жылы 13 мың, 2024 жылдың алғашқы он айында 17 мың көлік қана құрастырылған. Оның 90%-дан астамы дайын күйінде бөлшектеліп келіп, бұрағышпен құрастырылған. Бірақ бұлар «отандық өнім» деген мәртебеге ие болып, мемлекеттен түрлі жеңілдіктер мен қолдаулар алып отыр.
 
«Бұл – әділдік емес, салық төлеушінің есебінен қаржыландырылып жатқан көзбояушылық», деді депутат.
Ең үлкен даудың бірі – кедендік статистика мен шындық арасындағы алшақтық. Қазақстанның дерегі бойынша 2024 жылы Қытайдан 424 млн доллардың шанағы келген. Ал Қытайдың ресми дерегінде – небәрі 6 млн доллар.
 
«Бұл VIN-коды бар дайын көліктердің шанақ ретінде әкелініп жатқанын, яғни салықтан айналып өтіп жатқанын көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, дайын көлік шанақ деп кіріп жатыр, ал біз оны құрастырдық деп ресми тіркеп отырмыз. Бұл жерде мемлекеттік кірістерден айрылу ғана емес, тұтастай ұлттық өнеркәсіпті алдау тұр», деді депутат. 
 
Жайымбетов қазіргі өндіріс келісімдерінің азаматтық-құқықтық сипатта екенін сынап, бұл құжаттардың нақты мемлекеттік бақылауға жол бермейтінін айтты.
 
«Уәкілетті орган ұсынылған деректерге сенуге мәжбүр. Нақты тексеру тетігі жоқ. Яғни, кім не өндірді, қандай бөлшек қайда келді – бұған толық мемлекеттік бақылау жоқ. Бұл көлеңкелі келісімдерге кең жол ашады», дейді ол. 
Депутат «автоөнеркәсіп» деген атауды ақтау үшін нақты шешімдер ұсынды:
• Шағын торапты құрастыру әдісін заңмен нақтылау – не өндіріс, не құрастыру екенін ашық ажырату;
• Келісімдерді әділдік пен бірізділік қағидатымен қайта қарау – барлық өндірушіге тең талап;
• Мемлекеттік бақылау өкілеттігін күшейту – есепке сенбей, тексеруге мүмкіндік беру.
Все новости