Той көп. “Қазақтың тойы бітпесін”. Тойға реформа жасауды әркім-ақ айтып жүр. Бірақ, неден бастауды айтатындар аз. Мәселе үйлену тойы туралы. Басқа тойды қысқарту керек.
Реформаны меніңше тойдағы тілек-тосттан бастауға болады.
Тост айтушылар тек бақыт тілеп құтылмауы керек.
Сол жас отбасы үшін бір жауапкершілік алуы керек. Және сол тілек айту барысында оны халыққа жариялау керек. Осы отбасының аяғынан тұрып кетуі үшін не істей алады, соны жеткізуі керек.
Бұл тойға келушілердің шынайы қатынасын, бауырмалдығын, ажырамас бүтіндігін көрсетеді.
Мейлі қай жекжат болса да.
Тіпті айына бір келіп жағдайын сұрап, кеңесін айтып кетсе ол да көмек.
Ал берері жоқ адамның ішіп алып, езіп “бақыт” тілеуі керегі жоқ әңгіме.
Сонда айтары жоқтар ақырындаап өздері-ақ азая бастайды.
Той жауапкершілік алаңына айналған соң, көлденең көк атты да беталды тойға қатыса бермейді.
Ең жақын адамдармен, шағын ғана әдемі тойлар өте бастайды.
Әрі алған жауапкершілігіне сай, жас шаңырақтың түтіні түзу ұшуы үшін үнемі хабардар болып жүреді.
Бұл жас отбасылардың қарым-қатынасының одан сайын кемелденуіне көмек болады.
Жақсы емес пе?
Тойды селкілдеп билеп, жуан тойып қайтатын ысырап дастарханы емес, жауапкершілік мәслихатына айналдыру керек сияқты.
Ажырасудан алдыңғы орындардамыз. Бұл жерде үлкендердің де жауапкершілігі бар!
Ал үйленіп жатқан екі жас бақытты болу үшін ғана үйленіп жатырмыз деп ойламауы керек.
Өйткені өмір тек бақытты сәттерден тұрмайды. Сондықтан олар:
- Үйленіп жатырмыз өйткені бірлесіп проблемаларды шешуге дайынбыз.
- Үйленіп жатырмыз бірге қартаюға әзірміз.
- Үйленіп жатырмыз енді өмірдің ауыртпалығын бірге көтеруге дайынбыз деуі керек.
Үйлену - алдыңнан кезіккен проблемаларды бірлесіп шешу өнері.
Проблемаларын дұрыс шеше білген отбасылар бақытты.
Жастар үйленуге тек бақыт көзімен қарамауы керек.
Қиындықтарды бірге шешетін қабілетіміз бар деп қарауы керек.
…деп қойдық. Айтарыңыз болса қосарсыз.
Ербол СӘБИТОВ, қоғам белсендісі.
Фото көрнекілік үшін.