Күні кеше америкалық әнші Дженнифер Лопестің 10 тамыз күні Алматының орталық стадионында концерт беретіні хабарланған еді. Алайда "Қайрат" футбол клубы ол ақпаратты жоққа шығарды.
10 тамыз күні "Қайрат" - "Жеңіс" ресми матчы өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ 7 және 12 тамызда команда еурокубокқа қатысады. Осыған байланысты стадион УЕФА талаптарына сәйкес дайындалады. Бұл күндері басқа шараларды өткізуге болмайды екен.
“Алматы қаласының Спорт нысандары дирекциясы Орталық стадионды мәдени іс-шараны өткізуге алдын ала брондау туралы ресми хат жолдаған. Алайда ол күні бекітілген спорттық күнтізбеге сәйкес матч өтеді. Сондай-ақ Еуропа чемпионатының халықаралық міндеттемелеріне байланысты көрсетілген мерзімде стадионды пайдалану мүмкін емес. “Қайрат” футбол клубы әншінің стадионда өтетін концертіне қатты таңғалып отыр”, – делінген ресми хатта.
Айта кетейік, Ticketon Дженнифер Лопестің концертіне байланысты жылдық табысынжоғалтқанын жазған едік.
Freedom Holding Corp. инвестициялық тобының негізін қалаушы Тимур Турлов Дженнифер Лопестің концертіне билеттерді Ticketon платформасы арқылы сәтсіз сату қорытындысына қатысты түсініктеме берді.
Турловтың айтуынша, ұйымдастырушы Ticketon-ды комиссиясына билет тарататын агент ретінде таңдаған. Концертке деген сұраныс бұрын-соңды болмаған жағдайға жеткен. Сату кезінде сайт жүктемеге төтеп бере алмай, мәліметтер базасы істен шығып, соның салдарынан осы техникалық ақаудың салдарынан көп билет қайта сатылған. Платформа билеттердің қайталанып жатқанын көргенде сату тоқтатылды.