Сопылар мен салафиттердің басты айырмашылықтары қандай?

Сопылар мен салафиттердің басты айырмашылықтары қандай?
Сопылар мен салафиттердің жалпы мінездері қандай? Діни емес, жалпы көзқарастарында, психологиясында айырма бар ма? Меніңше бұл екі бағыт өзіне бойында нақты бір қасиеттері бар адамдар типін тартуға бейім. Сопылармен нақты бір тұрғыда пікірталасу мүмкін емес. Жынды боп қаласың. Бірақ практикада біреуге зияны бопты дегенді естімедім, білмеймін. Талантты, шығармашыл адамдарға тән. Мен білетін сопылар сәл қияли келеді. Салафилер (мадхалиттер) патшаға толық бағынғанымен, жалпы алғанда адамға, басқа дінге, басқа сенімге деген агрессиясы көп, комплексі көп. Талантты болса да, талантсыз болса да билікке жақын болуға тырысады, саған ақыл емес, мәртебеңе қарай сөйлеу мәнерін таңдайды. Сопылар керісінше. Мың жерден мәртебе-мерейің тасыса да, сенен алар, үйренер, қызықтар ештеңе таппаса, сөйлеспейді. Бір жағынан салафилер прагматик, теориясын мықтап қойып алған. Алайда эмоциялық тұрғыда тұйық не агрессив, не тым жасанды келеді. Руханият тек ашу мен намыс деп ұғады. Эстетикаға тек материалды киім, бұйым тұрғыда қарайды. Салафит атеистерді жек көреді. Іштей олардың тозақта өртенгенін ойлап жұбанады. Өйткені, не нәрсеге сенімсіз болса да, өзіне көкте жұмақ кепілденгеніне бек сенімді. Сопыларда "руханилық" басымдау. Дінде емес, жалпы өмірінде. Мадхалиттерге тән ақшаға, бизнеске, билікке деген жалпы ұжымдық құлшыныс сопыларда жоқ. Таланттылары онсыз да табысты болады. Тек онысын дінге байламайды. Дүнияуи тірлікті руханиятынан мүлде бөліп қарайды. Теориясы бұлыңғыр, тұрақ, тиянағы жоқ. Есесіне, эмоциялық тұрғыда тұлғасы ерекше бай келеді. Сопы мен салафит мадхалидтің жиһангерлік жазбасын оқысаң, Мадхали мәдени ерекшелікке мән беруге тырысқанмен, суреттерді ережеге сай мінсіз түсіргенмен, оныкі құрғақ, жансыз материал боп шығады. Себебі, мадхали адамзаттың рухына шынайы түрде қызықпайды, тамсанбайды, тек өзімен салыстыру үшін ғана. Ал сопы жиһан кезсе, кездім, көрдім, мықтымын деп айту үшін емес, салыстыру үшін емес, адамзатты басқа қырдан танысам, бөтен күйге енсем, сезсем деген оймен барады. Салафи Мадхалитпен не түрлі ақылды тақырыптарды талқыласаң да ешуақытта терең сырласа алмайсың. Өзін үнемі соғыста жүрген шпион сияқты ұстайды. Сопымен терең әңгіме айтып, сырласпау мүмкін емес. Ол өзі саған жанын ақтарып тастайды. Сопылар өтірік жасанды кейіп сақтап сөйлесуді сұхбат қатарына жатқызбайды. Салафит үшін сырын ақтару деген танымал адамның қарызға кіріп кеткенін айтып, көмек сұрауы. Немесе бір кездері ішкілікпен күрескенін, жалпы жұрт ұятты санайтын әрекетін мойындау. Сопы үшін ақтарылу деген мүлде бөлек деңгей. Сопы үшін ақтарылу деген жұрт ұятты санайтын нәрсе емес, өз жолындағы басты рухани кедергілерді айту. Салафиттер көбіне қатал ортада, күштінің сөзіне шек келтіру, тыйым салынған ортада өскендер немесе керісінше, әкесінің жұмсақтығы опық жегізген, сәйкесінше керісінше болуға талпынады. Тәртіпті, кімнің кімге бағынатыны анық жүйені сүйеді. Танымдық талқыны ұнатпайды. Талқыға келіссе, тек ненің дұрыс, ненің дұрыс емес, ненің нәтижелі, ненің нәтижесіз екенін анықтау үшін немесе сұхбаттастың осал/мықты тұсын білу үшін ғана келіседі. Сопылыққа әфсанаға бай қазыналы қарты бар, үйінде еркін талқы күнделікті шаруа болған немесе сондай болғанын аңсап өскен балалар барады. Сопы танымдық талқыға әрқашан дайын. Одан міндетті түрде дүнияуи пайда күтпейді. Көкжиегі кеңейіп қалса, ортақтастық болса, өзінің тұңғиығымен бөлісе алса, соған мәз болады. Сопының кем тұстары: кейде дүнияуи мәселеде жауапсыз болады. Айтқан сөзін олай да, былай да бұрмалай алу қасиеті оған бұл жауапсыздығын жамап, жасқап құтылуға мүмкіндік береді. Сопылар жалпы өзін ешкімге қарыз сезінбейді. Біреуге де міндет артпайды. Осы тұрғыда салафиттер қаталдау, тәртіпшіл. Өзіне де, өзгеге де. Бірақ адам өзін оңай ақтап алатындықтан, бұл кешірімсіздік көбіне өзіне емес, өзгеге қатысты болады. Салафит түпкі ақиқат мәселесін ойлауға өзіне тыйым салған, басын қатырмайды. Сондықтан, өз ізденісін тек қана осы дүниедегі табысқа, оған жету ережелері мен талаптарын анықтап алуға бағыттайды. Сопы да түпкі ақиқатты толық тану мүмкін емесін біледі. Бірақ өз пендеуи санасы, түйсігі жеткен әрбір бөлшегін ғаламзатты сан қырдан танып қалуға, сезіп қалуға құмар. Салафит мінсіздікті жақсы көреді. Сопы — тіпті мінсіздікке ұмтылмайды да, кемелдікке ұмтылады. Бірдеңе бар болса, демек оның да бір мәні бар. Ешқандай дін, құдайды сөз етпей-ақ, "Кемелдік пен мінсіздіктің айырмасы не?" деген сұрақ арқылы сопылыққа бет бұрған адамды басқалардан айыруға болады деп ойлаймын. Дей тұрғанмен, бұл тек қана менің барынша дарақы долбарым, жеке бақылауым ғана. Еш шеңберге сыймайтын, тым бірегей тұлғалар қай жерде де болады. Асқар БАЗАРБАЙ, қоғам белсендісі. Facebook жазбасы. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар