Ал біздегі діншілдер не істейді? “Мен Аллаһқа сендім, сен де сенуге тиіссің! Мұхаммедті сен де пайғамбарым деп сүюге тиіссің! Намаз оқуға тиіссің!” деп өз сенімдерін басқаларға күшпен тықпалайды. Көнбесең, қарғайды.Осының барлығы - надандықтың, білімсіздіктің арқасында етек жаюда. Әлеуметтік желіні ашыңыз да, дін үшін “шыңғырып” отырған кез келген пенденің жазбасын оқыңызшы. 99 пайызы сауатсыз! Бір сөзді 10 қатемен жазады. Ең сорақысы, солардың 90 пайызы Құранды ежіктеп оқып, әр сөзінің мән-мағынасын тереңнен зерттемеген.
Мешітте, көшеде, таксиде, пойызда әлдекімнен естіген уағыздарды басына толтырып алған, бітті! Егер көкірегі ояу, ақылы бар болса, “бұл қалай?” деген сұрағы болар еді ғой!? Бір ғана мысал, пайғамбардың зәрін білмей ішіп қойған бір сахаба туралы қожаның уағызы бар еді ғой. Ау, соны тыңдап отырған бір пенде “бұл қалай? Зәрді неге ішкен? Пайғамбар дәретін неге ыдысқа сындырған?” деп сұрамайды? Сұрауға қорқады. Дін - қорқақ, білімсіз адамға ең керек қорғаныш құрал.- Қазіргі қазақ қоғамының діни бағыттағы беталысы қауіпті емес пе? Бұлай кете берсе, ақыры қалай болады, қалай ойлайсыз? Ислам еліне айналуымыз мүмкін бе? Өйткені кей білгіштер Қазақстанда Ислам дінін ұстанушылар 60-70 пайыз дейді. - Өтірік! Кім санап шықты кімнің мұсылман, кімнің христиан екенін? Ресми санақ кезінде сұралған деген ақпарат бар. Алайда ол да өтірік! Неге дейсіз бе, сол ресми санақ кезінде бізді санап үйімізге ешкім келген жоқ. Бір үйде бақандай 6 адам тұрамыз. Ешбіріміз санаққа ілінбедік. Сыртымыздан алған болар. Алайда сырттай қай дінде екенімізді қайдан біледі, егер келіп сұрамаса? Ресми санаққа біз секілді “ілінбеген” қаншама адам бар. Сондықтан мұсылмандар көп деген ақпаратты “жалған!” деп жаба салу керек.
Ал енді мұсылман еліне айналу туралы айтар болсам, Қазақстан ешқашан Ислам мемлекеті болмайды. Еліміздегі бүкіл мұсылман “Ислам елі болайық!” деп ресми сұранса да, олай болмайды. Неге? Себебі, діннен де мықты, күшті құрал бар. Ол -саясат! Мына жағымызда - Қытай, мына жағымызда -Ресей отырғанда, бізді мұсылман елі болуға екі көршіміз ешқашан жол бермейді. Ресей мен Қытай Орта Азияның ортасындағы майлы шелпек елді мұсылман мемлекеті етіп, әлемнің басқа мұсылман елдеріне “жегізіп” қоя ма?Қоғам ішінде діни ырың-жырыңдар жалғаса беруі мүмкін. Алайда Қазақстан - зайырлы мемлекет болып қалады. Өтіміз жарылып кетсе де, шындық - осы. Саясат діннен күшті. Сондықтан діни мемлекет боламыз деу- бос тыраштану дер едім. Ресей хиджабқа заңмен тыйым салды. Артынша біздің депутаттар да “хиджаб, ниқабқа тыйым салу керек” деуді бастады. Сәйкестік пе? Жоқ.
Діни сенімі бізден анағұрлым басым Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан ниқаб, хиджабқа тыйым салып, тіпті оранған әйелдерді көшеден сүйреп, полиция бөліміне апарып жатыр. Демек, діннен саясат күшті деген - осы. Сондықтан қазір ақылы шала, миы уланған, шынайы діннен хабары жоқтар біразға дейін жанталасады. Ал болашақта бір көршіміз “үндерін өшір!” десе, қазақ билігі бір түнде дүмшелерден елді тып-типыл тазарта салады.-Бұл сұхбат жарияланғанда, діншіл қауым жан-жақтан атакаға шығады. “Сендер тәңіршілсіңдер, үнемі мұсылманға қарсы дүние жазасыңдар” деп шулайды. - Әрине, шулайды. “Сезікті бірінші секіреді” емес пе?! Қит етсе, “тәңірші, мұсылманға қарсы жазасың” дейтіндер демек, ақпарат, хабар, журналистика дегеннен мүлде хабары жоқ, топастар ғой! Әйтпесе, олай демес бұрын сайттарыңызды ашып, шолып шықпай ма?
Білім саласындағы проблемаларды Democrat.kz. Жазғандай басқа ақпарат құралдары жазып жатыр ма? Көрмедім. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты әйелдің де, еркектің де тарапынан қаншама мақала жазылды. Бала тәрбиесі, мемлекеттік тіл, өзге ұлт өкілдерінің арсыз тірліктері...бұл туралы сайттарыңызда қаншама мақала тізіліп тұр. Өкінішке қарай, дүмшелерде ондай мақаланы оқитын ми жоқ қой!Көшеде ағаш құлап жатса да, оны хабар етіп тарату - журналистің жұмысы. Ал имам-қожалары әлеуметтік желіде сандырақтап, не болса соны айтып отырады. “Пәленше солай деді” деп ақпарат таратсаңыздар, сіздер кінәлі болып шығасыздар. Неге?
Өйткені дүмшелер надан ғой! Түсінбейді. Әйтпесе, ақылы бар кісі “неге сандырақтады?” деп имам-қожасына кіжініп, соған тұра ұмтылар еді. Ал дүмшелер миы айналып қалған зомбиден жаман тобыр. Қожаларын құдайдай көреді, басқаларды жау санайды. Сондықтан надандықпен күрес тоқтамауға тиіс.
Сұхбаттасқан, Хақназар САДЫРХАН.
Democrat.kz.
Фото Қамбар Мұңсызбайұлының жеке мұрағатынан алынды.