Мектептегі мәдениетті қайыршылар: Бәрін өзіміз қолдан жасап аламыз

Мектептегі мәдениетті қайыршылар: Бәрін өзіміз қолдан жасап аламыз

Бүгін мектепте соңғы оқу күні (24/25 оқу жылының) Мұғалімдердің де, балалардың шәпкіні аспанға ататын күні ертең.

Үшінші перзентім мектеп бітіріп жатыр ғой, білім саласында өзгерген дәнеңе жоқ, қайта кері кетпесе. Білім саласы тек мектепке ғана қатысты емес, ата-аналарға да байланысты екенін ескеру керек. Өзгермейтін үш нәрсе бар екен мектепте. 1.Ақын-жазушы, депутатпен кездесу, ананың 100 жылы, мынаның 80 жылы, оқулары, шоқулары. ММА, боксермен кездесу әрі кетсе (сондайларды мектепте өткізуге арнайы тендер жарияланады ғой деймін) Үш қызым мектепті бітіргенше білікті дәрігер, мықты құрылысшы, супер ІТ маманы, үздік косметолог, химик-инженер, ғалыммен т.б. оқушының көкжиегін кеңейтуге сәл де болса ықпал жасай алатын мамандармен кездесу өткізгенін көрген емеспін. Оған мектеп те, білім саласы да, тіпті бар ғой, ата-аналардың көбісі құлықсыз-ау деймін. Оны қойшы, мамандық таңдап жатса келеке етіп отыратын мұғалім-директорлар да бар екен "неғыласың оны, ертең жұмыс таппай жүресің" деп. Тоббааа, сондайларды да мектеп пен жер көтеріп жүр. 2.ҰБТ. Иә, ҰБТ деген біреуге бақыт, біреуге сор. 10-сыныпқа көшкенде мектеп ешбір баланы ҰБТ-ға дайындамайды, бағыт бойынша бөліп сабақ өтуі мүмкін әрі кетсе. Білеееді, ата-анасы айын пәлен мың төлеп курсқа беретінін. Бірақ оқушы жоғары балл алса мектептің рейтингі көтеріледі, ал төмен алатындары 9-сыныптан құртып жібереді ғой. Нәтижесінде шығындалған ата-ана, жауапкершіліктен құтылған мұғалім, уақытын жеткізе алмай стреске түскен бала... Сол курсты мектепте екі жыл дайындауға болмай ма деймін де? Сынып жетекші тек оқушы түгелдеумен ғана айналысып қала береді. Арасында түкке тұрғысыз форум-морумдары бар енді. 3.Оооо, үшіншісі әйбат енді. Бұл мәселені бастауыш сынып пен 11-ді бітіріп жатқандардың ата-анасы оқыса жылайтын шығар. Жо-жоқ, мен жыламаймын. Қызымның санасы бар екен, шүкір. "Той сияқты өтетін банкет керек емес, қатыспаймын" деді. Иә, той сияқты. Асаба, шоумен, ас та төк тамақ. Былай қарасаң бала-шаға мен ата-ана оны күнде көріп жүр. Не көп - той көп. Ал мектеп бітірушілердің кешінде ерекше ештеңе жоқ. Сол бір тойханаға жиналып алып тамақ жеп алыс-жұлыс билеу, фото-видео.... Ал балаңызға сол керек пе? Ол нені қалайды? Қалай өткізгісі келеді? Әу баста банкеттің темасы басталғанда "балалармен ақылдасайық" деген ұсынысым далада қалды. "Оларға салсаң аспандағы айды әпер дейді, тыңдай берсең" дегенде ұстайтын жағам да болмады. Жоқ, жұрттың ақшасын санамаймын. Жасай берсін ғой. Бірақ тойшыл қоғамды қалай түзейміз деп жатамыз ғой. Мектепте чикен-пиццамен ауызданып, мектепті той жасап бітірсе қалай өзгереді? Сенесіз бе, осы банкет үшін қаншама отбасы кредит алып жатыр... Ал былай да былай кетіп жатқан сыйлықтарды атпай-ақ қояйын... Мәдениетті "қайыршылар" ешқашан бітпейді екен және қолдан жасап алады екенбіз.... Әмина УӘЛИХАНҚЫЗЫ, қоғам белсендісі. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар