Маңғыстаудың туризм тізгінін Ресейге емес, Түркияға берген жөн

Маңғыстаудың туризм тізгінін Ресейге емес, Түркияға берген жөн
Маңғыстау туризмін Ресей емес, Түркияға тапсыру керек... Күні кеше ресейлік-әзербайжандық кәсіпкер Емин Ағаларовтың Ақтау маңында Sea Breeze курортын ашатыны белгілі болды. Мұның астарында ескеруге тұрарлық маңызды жайт бар деп жазады Democrat.kz  Ertenmedia.kz сілтеме жасап. Эмин Ағаларов пен оның отбасы Ресейдегі ықпалды топтарға, әсіресе, Владимир Путинге жақындығымен танымал. Ағаларовтардың жобасы жүзеге асатын болса, Маңғыстаудағы туризм «орыстану» қаупімен бетпе-бет келуі мүмкін. Былайша айтқанда, өңірдегі сервис пен инфрақұрылым, қызмет көрсету тілі, корпоративті мәдениет, қызметкерлердің кәсіби дайындығы орыс тілінде, ресейлік стандарт бойынша қалыптасады деген сөз. Демек, өңірдегі туризм саласы халықаралық стандартқа сай дамудың орнына, ресейлік сервис үлгісіне қарай ойысады. Шын мәнінде, Маңғыстау өңірінің туристік болашағын Ресей емес, Түркия инвесторларына тапсыру әлдеқайда тиімді болар еді. Анталия, Алания, Бодрум, Фетхие, Измир сияқты теңіз жағалауындағы ірі курорттық қалалары бар Түркияның туризм индустриясы тәжірибесі жағынан әлемдік көшбасшы. Тіпті, Анталияның өзі жылына 15 миллионнан аса турист қабылдап, әлемдік рейтингте алғашқы орындардан түспей келеді. Түріктердің туристік сервисінің ең басты артықшылығы қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде болуы. Түркияда туристердің қай елден келгеніне қарамастан, ағылшын, неміс, француз, орыс тілдерінде қызмет көрсету жақсы дамыған. Түрік туризмі ең алдымен мульти-мәдени ортаға бейімделген, әлемдік стандарттарға толық сәйкес келетін сервис. Бізге дәл осындай тәжірибе жетіспейді. Біздегі туризм саласы әлі күнге дейін кеңестік, ресейлік үлгідегі қызмет көрсету мәдениетінен толық арыла алмай келеді. Түркияның туризм секторындағы жетекші компанияларының Қазақстанға инвестиция салуға әлеуеті зор. Мысалы, Түркиядағы туризм саласында көш бастап тұрған ірі кәсіпорындар Rixos Hotels, Dedeman Hotels & Resorts International, Titanic Hotels, Limak Holding, Kilit Hospitality Group және Crystal Hotels сияқты компаниялар Маңғыстауға келсе, өңір туризмі мүлдем басқа деңгейге көтерілер еді. Мәселен, Rixos Hotels Қазақстанға танымал түрік инвесторы Феттах Таминженің компаниясы. Ол қазіргі таңда Қазақстанда бірнеше жоғары деңгейлі қонақ үй кешендерін басқарып отыр. Titanic Hotels пен Limak Holding компаниялары да Түркиядағы туризм нарығында үлкен үлесі бар, миллиондаған турист қабылдап жүрген табысты кәсіпорындар. Олар да Қазақстан нарығына кіруге қызығушылық танытса, өңірдегі туризм индустриясын әлемдік деңгейге жеткізудің нақты мүмкіндігі туар еді. Маңғыстау туризмінің басты артықшылығы Каспий теңізінің жағалауы. Ал теңіз туризмін дамыту жағынан түріктердің тәжірибесі мол. Теңіз туризміне қатысты инфрақұрылым құру, қызметкерлерді оқыту, қызмет көрсету сапасын жоғары деңгейге жеткізу жағынан түрік инвесторларының тәжірибесін толық пайдалану керек. Ал Ресей инвесторлары келсе, осы бағыттағы дамудың орнына өңірдің туризмі қайтадан кеңестік үлгіге қарай ығысып, орыс тіліндегі сервиске тәуелді болады. Қорыта келе, Маңғыстау облысының туристік әлеуетін дұрыс пайдалану үшін біз инвестицияны ресейлік кәсіпкерлердің емес, түрік кәсіпкерлерінің қолына тапсыруымыз қажет. Сонда ғана өңір туризмі шын мәнінде әлемдік деңгейде дамиды.
Барлық жаңалықтар