Жүздеген педагог министр Ғани Бейсембаевқа үндеу жасады

Жүздеген педагог министр Ғани Бейсембаевқа үндеу жасады

Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды деп хабарлайды Педагог-KZ.

Әр өңірден 300-ге жуық жаратылыстану-математика пәнінің мұғалімі Оқу-ағарту министінен ПББ (ОЗП) шарттарын қайта қарауды сұраған Педагогтердің айтуынша, биылғы жылы тест сұрақтары алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір күрделенген. Биылғы тест – бұған дейін сәтті тапсырған тәжірибелі мұғалімдер үшін де қиындық туғызып отыр. Көпшілігі шекті балдан небәрі 3–5 ұпайға қалып қойған. Үндеу авторларының пікірінше, бұл жағдай кәсіби еңбекке құрметсіздік ретінде қабылданады және әділетсіздік сезімін тудырады. «Мұндай тестке дайындалу — ауқымды күш пен уақытты талап етеді, ал негізгі оқу жүктемесі сол күйі сақталады. Бұл педагогтардың кәсіби және эмоционалдық күйзелісіне себеп болады», — делінген үндеуде. Мұғалімдердің айтуынша, физика, математика және информатика пәндерінің ұстаздарының басым бөлігі — жоғары тәжірибесі бар мамандар, бұл салада жас мамандар саны аз. Қалыптасқан жағдай кадр тапшылығына және ұстаздыққа деген ынтаның төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ұстаздар келесі ұсыныстарды ортаға салады:
  1. Тапсырмалардың күрделілік деңгейін төмендету — мектеп пен колледж бағдарламасынан тыс сұрақтарды алып тастау.
  2. Бағалау шкаласын қайта қарау — көп кезеңді есептер қарапайым теориялық сұрақтарға қарағанда жоғары бағалануы тиіс.
  3. ПББ (ОЗП) тапсыру мүмкіндігін көбейту — жылына 2 рет емес, бірнеше мүмкіндік беру қажет.
  4. Біліктілік шекті балдарын төмендету:
  • Педагог: 25-тен 20 ұпайға
  • Модератор: 30-дан 25-ке
  • Сарапшы: 35-тен 30-ға
  • Зерттеуші: 40-тан 35-ке
  • Шебер: 45-тен 40 ұпайға
  1. 2025 жылы аттестациядан өткендерге қосымша ұпай беру — шекті деңгейден 3–5 ұпай ғана жетпегендер үшін әділетті шешім.
Ұстаздар сонымен қатар психологиялық қысымға да назар аударған. Басқа пән мұғалімдері тестті бір сағат ішінде тапсырып шықса, жаратылыстану-математика пәні мұғалімдері екі сағат бойы күрделі есептерді шешуге мәжбүр екен. Үндеу авторлары министрлік тарапынан бұл мәселеге кәсіби тұрғыда, түсіністікпен қарап, мұғалімдердің даусын еститініне үміт артады. «Біз жай ғана тест тапсырмаймыз — еңбегімізді елемейтін жүйеге тап болдық», — дейді ұстаздар. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар