Жаңа дәуір, жаңа пайым: ТОҚАЕВ ФЕНОМЕНІ

Жаңа дәуір, жаңа пайым: ТОҚАЕВ ФЕНОМЕНІ

Қазақ халқы әр кезеңнің бет-бейнесін сол дәуірде ел тізгінін ұстаған тұлғалар арқылы таниды. Қазақ хандығы тұсында кемеңгерлігімен дараланған Тәуке хан - заң үстемдігінің символы болса, Абылай хан - азаттық рухының мәңгілік тұлғасына айналды.

ХХ ғасырдың басында ұлттық оянуды бастаған Алаш арыстары - елдік сананың жаңа парағын ашты. Ал кеңестік жүйе тұсында Дінмұхамед Қонаевтың парасатты басшылығы халық жадында терең із қалдырды. Тәуелсіздікпен бірге жаңа дәуір басталып, тұғырлы мемлекет құру ісінде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі тарихи ақиқат ретінде мойындалды. Осы сабақтастықты сақтап, жаңа Қазақстанның бағытын айқындауға бел буған, күрделі заманда мемлекет тізгінін ұстаған жаңа буын көшбасшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың туған күні. Қазақ елінің басшысы 72 жасқа толып отыр. Артта қалған 72 жыл бүгінгі Президент Тоқаевтың жетік дәрежеде саяси шыңдалғанының, үлкен тәжірибе мен білікті басқарушылық қабілетіне толық ие болғанының нақты дәлелі бола алады. Мемлекет басшысы әр сөзі, әр іс-әрекеті арқылы қарапайымдылық атты қасиетті қанына сіңіргенін үнемі көрсетіп келеді. Мәселен, таяуда ғана "Аналар күнінде" жазған жазбасында аяулы анасын еске ала отырып, отбасы мен балалық шағы туралы керемет үзік сыр шерткен еді. Президенттің саясатқа келу жолы оның терең білімді болуымен, еңбекқорлығымен, зеректігімен тікелей байланысты. Өмір жолында жолыққан ұлы тұлғалар, ғалымдар мен саясаткерлер Қасым-Жомарт Кемелұлына тура жолды сілтеп қана қоймай, үлкен тәжірибе жинақтауына да ықпал етті.   Оның билікке келуі - ел тарихындағы бейбіт әрі заңды түрде жүзеге асқан алғашқы билік ауысу процесі болды. 2019 жылдың көктемінде орын алған бұл оқиға Қазақстанның саяси мәдениетінің жаңа сатыға көтерілгенін көрсетті. Елдегі тұрақтылықты сақтай отырып, сабақтастық пен жаңғыруды қатар ұстанған Тоқаевтың көшбасшылық стилі - салмақты, сарабдал әрі жүйелі. Президент Тоқаевтың басшылығы тек реформалармен емес, елдегі сана өзгерісімен, басқару философиясының жаңаруымен сипатталады. Оның билікке келу кезеңі - әлеуметтік үміттің жоғарылауы, азаматтық қоғамның күшеюі, әлемдік геосаяси ахуалдың тұрақсыздануы сияқты ішкі және сыртқы сын-қатерлермен тұспа-тұс келді. Осындай күрделі жағдайда ел басқару - тек саяси тәжірибені ғана емес, терең парасат пен үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс еді.   Тоқаев бұл үміт пен сенімді ақтау үшін популизмге ұрынбай, нақты істер мен құрылымдық өзгерістерге ден қойды. Оның “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы - билік пен қоғам арасындағы көпір ғана емес, жаңа саяси мәдениеттің негізі. Бұл модель биліктің халық алдындағы ашықтығын, есеп беруін және кері байланыстың нақты механизмдерін қалыптастыруды мақсат тұтты. Президенттің реформалық бағдарламасы шынайы өзгерістерге негізделді. Аудан әкімдерін халықтың тікелей сайлауы, “Ұлттық құрылтай” тәрізді қоғамдық диалог алаңдарының құрылуы, стратегиялық шешімдерді қоғам талқысына шығару - бұлардың барлығы демократиялық басқару дәстүрін орнықтыруға бағытталды. Сонымен қатар, “е-Өтініш”, “Ashyq Akimat”, “Open Budget” сияқты цифрлық құралдар арқылы халықтың пікірін есту мен соған дер кезінде жауап беру тәжірибесі енгізілді. 2022 жылғы Қаңтар қасіреті - ел тарихындағы ерекше сынақ. Бұл оқиға мемлекеттің әлеуметтік-саяси іргетасын қайта ойлауды, қоғамдық келісім мен билікке деген сенімді қайта құруды қажет етті. Тоқаев бұл тарихи сәтте тек тұрақтылықты сақтаумен шектелмей, терең әрі батыл реформалар жүргізуге кірісті. Оның бастамасымен өткізілген Конституциялық референдум - саяси жүйенің жаңаруындағы маңызды бетбұрыс.   Президент өкілеттігінің бір мерзіммен шектелуі, Конституциялық соттың қайта құрылуы, Парламенттің өкілеттіктерін күшейту, партиялық тіркеу тәртібін жеңілдету – бұл демократиялық принциптерге негізделген нақты қадамдар. Президент Тоқаевтың басты бағытының бірі - әлеуметтік әділеттілік орнату. Елдің байлығы - халыққа тиесілі болуға тиіс деген принципті ұстанған ол, ұлттық ресурстарды әділетті бөлу мәселесін батыл көтерді. “Олигополияны жою”, “қосымша құнды ел ішінде қалдыру”, “ұлттық байлық халық игілігіне жұмыс істеуі керек” деген мәлімдемелері қоғамда кең қолдау тапты. Бұл бағыттағы нақты реформалар қатарында - салық саясатының әділеттенуі, “Самұрық-Қазына” сияқты ұлттық қорларды оңтайландыру, “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы және ауыл-аймақты дамытуға арналған жүйелі шаралар бар. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған “Жастар практикасы”, ауыл халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету және көлік, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру - әлеуметтік теңдікті орнатуға арналған нақты істердің айғағы. Тоқаевтың халықаралық аренадағы саясаты - көпвекторлы, прагматикалық және ұлттық мүддеге негізделген. Геосаяси шиеленістер өршіп тұрған заманда Қазақстан өз тәуелсіз сыртқы саяси ұстанымын сақтай білді. Ресей–Украина соғысы, Батыс пен Қытай арасындағы текетірес, Орталық Азиядағы су ресурстары мен қауіпсіздік мәселелері - осындай жағдайда Қазақстанның бейтарап, мәмілегерлік саясаты өз нәтижесін беріп отыр. Президент Тоқаев БҰҰ мінберінде қазақ тілінде сөйлеу арқылы мемлекеттің тілдік және мәдени егемендігін айшықтады. Сонымен қатар, Қазақстанның ШЫҰ, АӨСШК, ТҮРКСОЙ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардағы белсенділігі - еліміздің сыртқы саяси беделін арттырып, аймақтық тұрақтылықты сақтаудағы үлесін көрсетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев - заманауи басқару философиясына сай келетін, интеллектуал көшбасшылардың қатарынан. Оның саясаттағы әрекеті эмоцияға емес, деректер мен логикаға, күрт қимылға емес, эволюциялық өзгерістерге негізделген. Бұл - бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда тұрақтылық пен өркендеудің ең дұрыс жолы. Ол шешім қабылдамас бұрын кең сараптама жасайды, салмақты ой, сабырлы сөз, нақты іспен ерекшеленеді. Бұл стиль оның көпжылдық дипломатиялық мектебінен, халықаралық деңгейдегі тәжірибесінен қалыптасқан. Қоғам мен мемлекетті бір арнаға тоғыстыра отырып, реформаларды сырттан таңылған емес, ішкі қажеттіліктерден туған өзекті өзгерістер ретінде жүзеге асырып келеді. Қазақстан бүгінде жаңа кезеңге аяқ басқан, терең саяси, әлеуметтік және экономикалық трансформация жолына бет алған мемлекет. Бұл өзгерістердің алдыңғы шебінде прагматикалық көзқарасы, салмақты саяси шешімдері мен эволюциялық жаңғыруға негізделген реформалары еліміздің даму бағытын жаңа арнаға бұрған басшы тұр. Сонымен қатар, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы іргетасын қалауда және мемлекеттің қалыптасуында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін жоққа шығаруға болмайды. Оның басшылығымен Қазақстан халықаралық қауымдастық мойындаған, экономикалық және саяси тұрақтылыққа қол жеткізген елге айналды. Бұл кезең - қазіргі жаңару мен өзгерістерге негіз болған маңызды тарихи тәжірибе. Бүгінгі таңда Президент Тоқаев сол сабақтастықты сақтай отырып, ел дамуының жаңа дәуірін бастады. Ол халық пен билік арасындағы байланысты жаңаша сипатта орнатып, әділеттілік пен ашықтықты алдыңғы қатарға шығарды. Қасым-Жомарт Кемелұлының көшбасшылығы - тек ағымдағы саяси үдерістерге емес, Қазақстанның ұзақ мерзімді болашағына бағытталған. Мемлекет үшін мұндай жауапты кезеңде елдің тізгінін кәсіби білімі мен мол тәжірибесіне сүйене отырып ұстап отырған тұлғаның болуы - халық үшін үлкен мүмкіндік. Қазақстан өз болашағын терең пайымдайтын, реформаларды сабырмен және жүйелі түрде іске асыратын көшбасшының бастауымен жаңа тарихи белестерге қадам басуда. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның екінші тынысы, ал оны жүзеге асыратын – кәсіби, парасатты әрі жаһандық үдерістерді терең түсінетін заманауи көшбасшы. Democrat.kz. ақпараттық порталы. Фото жеке мұрағаттан.
Барлық жаңалықтар