Кешелі-бүгін Айгүл Орынбектің «оқыс қылықтары» жайлы жазылған бірнеше посттарды оқыдым. Көпшілігі оның «ақысын төлесең, бықысын шығарады» мен «олигархаттың сойылын соғушы», «күмәнді заңгерлік қызметі» деген сарында жазылған екен.
Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды дегендей, шамасы ел ауызындағы сөздерге негізделген ойлар болса керек. Оның бәрі кешелері (берідегі) «халыққа қызметі» жайлы жазылып жатыр екен. Сөздің орайы келгенде мен бұл қыздың сәл әріректегі - 2016-2018-ші жылдардағы «Жер дауы» кезінде Мұхтар Тайжанмен қосылып халықтың басын қалай қатырып, «жерді қорғамайтын» 11 өзгеріспен қабылданып кеткен заңға қоғамның қарсылығын басу үшін өздері (бірнеше адамнан тұратын) бір комиссия құрып (АШМ-гі құрып берген), соларымен халықтың басын қалай қатырып келгендері жайлы жазғым келіп отыр. Халық өз батырларын білуі керек деп ойлаймын! Өйткені қазақтың жерін шетелдіктерге сатуға мүмкіндік беретін заңға астыртын жұмыс істегендерді ешқашан ұмытпауымыз керек! Олар да түбі оңбайды! Уақыт бәрін өз орнына қояды. Сонымен… 1-ШІ ФАКТ Естеріңізде болса, 2016-шы жылдары ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге 25 жылға жалға беру мен сату жайлы заң қабылданып кеткеннен кейін, қолданысқа енерде халық көтеріліп тарихта «Жер дауы» атымен қалған үлкен саяси науқан - дүмпу болған еді. Сол кезде саяси сахнаға бірнеше белсенділер шығып, «жұлдыздары» жанған. Соның бірі Мұхтар Тайжан болса, екіншісі осы Айгүл Орынбек болды. Мәселе былай:
Жер дауы әбден шиеленісіп, жер-жерлерде халық митинглерге шығып, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс болып тұрған кезде үкімет амалсыздан «Мемлекеттік жер комиссиясын» құрып, оның құрамына халықтың алдында жүрген белсенді азаматтар мен үкімет мүшелерін шақырып, 60 шақты азаматтан тұратын комиссия құрамын бекіткен болатын.
Ол комиссияға алғашқыда Мұхтар Шаханов ағамыз да мүше болған. Бірақ бірінші отырысынан кейін-ақ ол комиссиядан өз еркімен шығып кеткен еді. Өйткені сол кездегі үкімет комиссияның регламентін өте құйтұрқы жасап қойған болатын. Соның ең маңыздысына тоқталайын: Ол - жер комиссиясының отырысының соңында заңға ұсынылған өзгерістер дауысқа салу арқылы шешілетін болған.
Міне осы тұсымен келіспеген көптеген қоғам өкілдері дау шығарған еді. Өйткені сол комиссияның құрамына көп болса 20 шақты ғана шынайы қоғам өкілдері енген болса, қалған 40 шақтысы Бекболат Тілеуханов, Мұхтар Тайжан секілді үкіметтің өзі қосқан «қоғам өкілдері» болатын. Ал енді өзіңіз ойланыңыздар, соңында заңға енгізетін ұсынысты қабылдарда дауысқа салыну арқылы көпшіліктің дауысымен бекітілетін болса, ол жерде қалай тыраштансаң да үкіметке керек ұсыныс қабылданатын еді ғой.
Ал М. Шаханов бастаған топ «Комиссияның мүшелерінің біреуі қарсы болса да ұсыныс қабылданбайтын болуы керек. Болмаса бұл халықты алдау» деп, соңында ол талаптары қабылданбаған соң Шаханов бастаған бірнеше азамат «Мұндай халықты алдау комиссиясына мүше бола алмаймын» деп мүшеліктен бас тартып шығып кетті. Қалған шынайы қоғам өкілдері «Комиссиядан кеткенде не ұтамыз?! Өздері қалып білгендерін істегенше, соңына дейін комиссияда қалып күресеміз. Мандатымызды пайдаланамыз» деп құрамда қалды. Мен кеткендерді де, қалғандарды да айыптамаймын. Өйткені олардың өз таңдауы, әрі сол таңдаулары шынайы ойлардан туған болатын. Содан қым-қиғаш қарама-қарсылықпен комиссия отырысы өтіп жатты. Тіпті қызды-қыздымен Бекболат Тілеухан дегендер «Қара жер қасиетті болса, оны құрметтеу керек болса, онда жерге дәрет те сындырма…» деп тұрып «күшенгендері» естеріңізде болар. Қойшы, әйтеуір, соңында Мұхтар Тайжан жер комиссиясына еліміздің ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерін шетелдіктердің сатып алуынан ешқандай қорғап қала алмайтын, бірақ өзі бастаған тобы өлердей сенген 11 өзгерісті әкеліп тықпалады. Ол өзгерістер АШ мақсатындағы жерлерді ешқандай қорғап қалмайтын өзгерістер екенін айтып Геройхан Қыстаубаев бастаған бірнеше қоғам белсенділері әлеуметтік желіде қарсы болдық (олардың ішінде мен де бармын). Бірақ Мұхтар Тайжан бастаған «псевдоқоғам өкілдері» мен Бекболат Тілеухан бастаған комиссия мүшелері «төртаяқтап қолдап» дауысқа салып, дауыс қорытындысымен сол заңға осы 11 өзгеріс ұсынылып, олар солайынан бір әріпі өзгерместен заңға енгізілді. Ол кезде «Бұл өзгерістерде АШ мақсатындағы жерді сатуға мүмкіндік беретін нормалар жоқ. Бар болса мен мұрынымды кесіп беремін» деп ант су ішіп жүріп М.Тайжан халықты алдап соққан еді. Халық соған сенді. Бірақ сол ұсынылған өзгерістерді оқыған да, оны түсінген де ешкім болмады. Өйткені ол ұсыныстардың біреуі де жерімізді қорғап қалмайтын еді. Бұл жайында Геройхан Қыстаубаевтың Сәуле Әбілдаханқызына берген мына сұхбатынан толық түсініп алсаңыздар болады: https://youtu.be/NaPkx13yXzY?si=ALoHn9-xd5jxtsK7
Сонымен алдыңғы қабылданып қойған, тек қолданысқа енгізілу уақытын күтіп тұрған «АШ мақсатындағы жерлерді шетелдіктер мен азаматтығы жоқ азаматтарға 25 жылға жалға берілетін(сатылатын) заңға арнайы құрылған «Жер комиссиясының» ұсынысымен «жерді ешқандай қорғап қалмайтын» 11 өзгеріс енгізіліп кетеді. Сонымен «біз өз миссиямызды орындап болдық» деп Бекболат Тілеухан, М.Тайжан бастаған «Жер комиссиясы» өз жұмысын аяқтап «арттарын сипап» жоқ болады.
Сонымен сол кездегі президент Назарбаевқа үлкен тағдыр шешті таңдау жасауына тура келеді. Өйткені мына заң бір айдан соң қолданысқа еніп жер сатылымға шықса халық үкіметті төңкерейін деп тұр, ал сатуға тыйым салайын десе әкеліп қабылдап тұрған заңдары мынау. Сондықтан амалдың жоқтығынан ол осы заңға 5 жылдық моратория енгізіп құтылады. Соңында халық жерді 5 жылға болса да аман алып қалғанына қуанып «5 жылға дейін жән нәсіп» деп беті қайтқандай болады. Назарбаев та «жол тауып» кеткеніне қуанып «жең ұшынан» М.Тайжанға халықты алдап «сағым қуалата тұру» миссиясын тапсырады. Әрі М.Тайжанның жер комиссиясындағы қызметі үшін алған қаржысы бар, әрі «мұрынын бәске тігіп» халыққа берген уәдесі бар, қысқасы өзіне жаңа команда жасақтауға кіріседі. Бұрынғы жақтастары Б.Тілеухандар «Жолама маған. Өзім әзер құтылғанда» десе керек, жаңа белсенді «лицолардан» команда құрады. Міне, осы кезде эфирге «маңдайында» бес елі бағы бар, болашағынан үміт күттіретін, АТАСЫНЫҢ ҚЫЗЫ (ол кезде Назарбаевты атам деп «атамай, атамау» деп жүрген) Айгүл Орынбек деген қыз шыға келеді. Ол бұған дейінгі «Жер дауы» мен «Жер комиссияларында» қатысқансып, тікелей эфир түсіргенсіп жүрген қатардағы блогердің бірі болған. Мына жерде М.Тайжанмен тандемі оған «жұлдызды сәт» сыйлайды. Мәселе былай: Атақты «Жер комиссиясы» өзінің миссиясын орындап болып тарқатылып кеткен соң, орнына халықтың басын қатырып алдап жүре тұратын екінші бір «жер комиссиясы» құрылуы керек болады. Бірақ екінші жер комиссиясының құзіреті біріншісіндей - заңға өзгеріс енгізе алатындай құдіретті болмауы керек. Осы кезде тамаша шешім табады бұлар. Яғни біріншісіндей Президенттің арнайы жарлығымен құрылған «жер комиссиясы» емес, Ауылшаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған қоғамдық «жер комиссиясы» құрылады. Әдеттегідей оның төрағасы (жаңылмасам) М.Тайжан. Ал командасы осы Айгүл Орынбек бастаған белсендісымақтардан құралады. Осылай бұлар өздеріне «Моратория уақыты біткенше жер заңына өзгерістер енгіземіз» деген миссияны қойып, соны әлеулетіп-желеулетіп (ұрандатып) өз жұмыстарын бастайды. Бірақ бұлардың ешқайсысының ауызынан «Халайық, біз басқа жер комиссиясымыз. Біздің құзіретіміз алдыңғыдай емес» деп ашып айтпайды. Ал қоғам бұларды «әулие» көріп, осыларды қазақтың жерін қорғап қалатын хас батырларындай төбелеріне көтереді. Бірнеше рет Астанада жиындар өткізіп, әрқайсысы типа өздерінің ұсыныстарын жариялап жататын. Сондай бір кездесуде осы Айгүл Орынбек «Космомониторинг арқылы жерді бақылаймыз» деп бір құлаққа кірмейтін ұсыныс жасағаны есімде. Сол кездерде мен бұл қыздың посттарына «Шетелдіктерге 25 жылға берілетін заңың тұрғанда, ол жерлерді сен қалай «косомониторингіңмен» бергізбей қоймақсың? Сендердің мақсаттарың қолданыстағы жерді бақылау емес, заңға өзгеріс енгізу емес пе? Кімді алдап жүрсіңдер?» деп сауалдар қоя бастағанмын. Ол сұрақтарыма жауап берген емес. Керісінше өзінің «халықтың басын қатыру» махинацияларының бейнесін білетін Шымкенттегі жалғыз адам ретінде менімен жұлдызы қарсы бола бастаған. Осы күнге дейін солай жалғасып келді. Маған қарсылығының тақырыптары әр түрлі болғанымен, негізгі себебі өзінің осылай халықтың «басын қатыру» махинациясынын білетін, оны әшкерелей алатын жалғыз адам ретінде менің қоғамдағы беделімді түсіруге барын салып келді деп ойлаймын. Бірақ онысынан түк шықпады. Бұл мәселелер жайлы кейінірек тоқталармын. Сонымен бұлар осылай «Жер.Ком» болып 2-3 жыл жүргенде Президент ауысып сайлау өтеді. Артынан «Арыс жарылысы», одан кейін пандемия келіп қаншама халық қырылып, халыққа жер мәселесі емес өз бастары қайғы болып кетеді. Яғни бұлар ешқандай заңды өзгерте алмастан, осынша уақыт халықтың басын босқа қатырып келгендері үшін халықтан кешірім де сұрамастан, өздері мен өздері бірдеңе болып жоқ болып кетті соңында. Айтпақшы, бұлардың комиссиясының тарқатылуына себеп болған бір мәселені айта кетейін. Қысқасы, бұлардың «ауа қуып» жүргендерін мен секілді бірнеше азаматтар сынап, ашық жазып жүргеніміздің арқасында, әрі істерінің нәтижесі көрінбегендіктен қоғамда бұларға үлкен қарсылықтар пайда бола бастады.
Осылай жер-жердегі белсенділер бірігіп, өзара байланысып бір жерге топтасып қоғамдық қозғалыс құру мәселесін талқылай бастағанбыз. Ал бұлардың ішінде Мақсат есімді біреуі(тегі есімде жоқ) “АШ жерлерін шетелдіктерге субарендаға беруге болатын” заң нормасын ұсынып, тықпалай бастағанда қоғам дүр сілкініп қарсылық көрсеткен соң, әрі марқұм Дулат Ағаділ бастаған Астаналық белсенділер комиссия отырысына кіріп барып тікелей эфирде быт-быттарын шығарған соң бұлардың қадірі күннен-күнге түсе берді. Өйткені бұлардың далақпай тірліктері «көрпең қысқа болып, басыңа тартсаң көтенің ашылатындай» аянышты жағдайға жеткен болатын.
М.Тайжан бастап, Айгүл Орынбектер қоштаған бұл комиссия өз уәдесін орындай алмағаны үшін не халықтан кешірім сұраған жоқ, не “мұрынындарын кесіп” берген жоқ. Ал осы аралықта “жарқырап” үлгерген Айгүл болса “вахабисттермен алысу миссиясына” кетіп, ол жақта да халықтың жаңа “қошеметіне” бөлене берді. Яғни бұл блогер қыз осылай қазақтың жерінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, халықтың басын қатыру үшін белсенді жұмыс істеген. 2-ШІ ФАКТ Өткен жолғы сайлау кезінде осы Айгүл Орынбек Мұхтар Тайжанға қарсы посттар жазып жатқанда, Тайжанға “қақырата соққы беретін” осы мәселені - халықты 2-3 жыл қалай алдап келгенін айтып, өзін “алдандым” деп ақтап алатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ өкінішке орай бұл қыздан ондай ерлік шықпады. Керісінше болмайтын бір Шымкентке келгендегі араларында болған келіспеушіліктері жайлы жазып “қаралаған” болыпты. Ал шын мәнінде М.Тайжанның бүкіл сайлау кампаниясының күл-паршасын шығаратын мәселе - оның осы “жер ком махинациясы” еді ғой. Бірақ оны пайдаланбады. Өйткені таяқтың екінші ұшы айналып өзіне тиерінен қорықты деп ойлаймын.
Қысқасы бұлардың “Жер.Ком”-ы ештеңе бітіре алмастан, бұл - Шетелдіктерге жерді 25 жылға жалға беру заңын Президентіміз Қ-Ж Тоқаев өзінің жарлығымен күшін жойды. Яғни Назарбаевтың құйтырқы саясатымен сатылмақ болған АШ жерлеріміз, Тоқаевтың жарлығымен күшін жойды. Бұл 2021 жылдың күзі болатын. Өйткені менің ішкі нанымым Назарбаев осы заңды келесі президенттің қолымен заңдастырып беруді ойлап, ал Тоқаев ол ойының күл-паршасын шығарған дегенге саяды. Міне осы кезден бастап Тоқаевты тақтан тайдыру әрекеті басталды деп ойлаймын. Тақтан өз еркімен кетпегеннен соң тура бір жылдан соң Назарбаевқа “Қаңтар қырғынын” ұйымдастыруына тура келді.
Мінекей! Өзін «қоғам қайраткері» санайтын, кезінде «атам-ау» деп ауызынан тастамай Назарбаевты атасы қылып алған Айгүл Орынбектің халыққа істеген осындай «ерен еңбегін» біле жүріңіздер. 3-ШІ ФАКТ Ал енді оның Ұлттық Құрылтайдан «ротацияланғаны» жайлы келер болсақ, оны әлдеқашан «Қазақтың жігіттерінің құны 100 теңге» деген посттар шығарған кезде-ақ ол жақтан қуылуы керек еді. Немесе соның дауысына ұқсайтын бір әйелдің «Арам түрік! Сені өйтем де-бүйтемін!» деген аудиосын қосып Амангелді Қалыбек деген жігіттің «өзге ұлтты кемсіту» бабымен айыпталып Құрылтайдан қуылуы керек» деген посттарында Айгүлдің атын атап тұрып жазғанда қуылуы керек еді. Өйткені Айгүл ол кезде сотқа арызданбақ түгілі, қарсы жауап жаза алған жоқ. Демек, әлгі аудио өзініңкі деген сөз. Болмаса Мақтааралдағы бір мектеп директорының жемқорлыққа батып, оны бұл жанұшыра қорғаған кезде қуылуы керек еді. Демек, бұны сол жаққа сүйрелегендердің ықпалымен «болашақта атқаратын миссиялары болуы мүмкін» деген себеппен бұның «артын жауып» отырған деп ойлаймын. Ал бұл сондай «қақпайлаулардың» мәнін түсінбей, керісінше өзін «өте ықпалды саяси фигурамын» деп ойлап қалса керек. Қызды-қыздымен мемлекеттік саясатқа қарсы шығып жатқанын да түсіне алмаған секілді. 4-ШІ ФАКТ Шымкенттегі «Водоканал» мәселесінде әкімшіліктің заңды талабын «рейдерлік әрекет» деп айыптай сөйлеп, өзінің осындай - заңға тұрпайы әрекеттерін «заңды заңгерлік көмек көрсетуші» қызметімен қалқалаған әрекеті, мемлекеттің олигополияға қарсы күрес саясатына қарсылық емей немене?
Водоканалдың бұрынғы басшысы мұның қызметін заңгерлік көмекке ресми рәсімдегені болмаса, бұл қызды шын мәнінде блогерлік қызметі үшін жалдаған секілді. Өйткені бұл «заңгердің» өзінің ресми келісілген заңгерлік қызметін, осы істе сот залында көрсеткенін көрген жоқпын (шатасуым мүмкін). Сот процесіне заңгер ретінде қатысқанын естіген жоқпын.
Ал енді сот бұл істе «водоканалдың» заңсыз табысталғанын анықтап шешім шығарғаннан соң, «рейдерлік емес екен» деп кешірім сұрағанын көргеніңіз бар ма? Неге сұрамайды? Әлде әліде мемлекет тарапынан жасалған “рейдерлік тартып алу” деп ойлай ма? 5-ШІ ФАКТ Ал мұның былтыр, біздің сайлау туралы заңымызды бұзып заңмен қатаң тыйым салынған іспен айналысқан, әрі өзінің миграциялық заң тәртібімен қоса азаматтық бірнеше заңды бұзған ресей азаматшасы М.Низовкина дегенді депортациялау туралы менің арызым бойынша іс сотқа жетіп, сотта ісіміз аумалы-төкпелі болып жатқанда әлгі журналист атын жамылған ресей азаматшасының мені қаралап жазған постына өз парақшасына доступ ашып, өзінің аудиториясына таратқанын қайтерсің? Әдетте бұның парақшасында өзінің посттарынан басқа ешкімнің тегтелген посттары көрінбейді. Ал мына біздің ішкі ісімізге араласқан ресей азаматшасының мені қарсы қаралаған постына доступ ашып қойғанын қалай түсінуге болады? Мен мұны - өзінің қара басының өшпенділігі үшін мемлекеттің мүддесін ысырып қойып, заңсыздықпен айналысып келген шетелдікке де болыса алатын таяз түсінікке балаймын. Сонда мұның Құрылтайдағы мемлекетшілдігі қайда қалды? 6-ШЫ ФАКТ Тағы бір мәселе - бұл неге осы уақытқа дейін ең болмағанда Шымкент мәслихатына депутат болмады?! Егерде бұл өз кандидаттығын ұсынғанда 100% мәслихат депутаты болар еді деп ойлаймын. Тіпті сенімдімін. Бірақ бұл өзінің кандидаттығын ұсынған жоқ. Неге?
Айдалада отырып пост жазғанша, бюджетті бақылайтын заңды мандат алып, комиссияларда отырып әр тиынды май шаммен қарауына мүмкіндік туар еді ғой. Мысалы, мен ондай мүмкіндікті жібермес едім. Бюджеттің басына отырып алып 4-5 жылымды халыққа адал қызметімді атқарып берер едім. Ондай құзіреті жоқ, кеңесші орган - Қоғамдық кеңес мүшесі болып жүргенімнің өзінде халыққа қажет қаншама жұмыстар атқарып, нәтижеге жеткіздім. Ол жайында өзімнің мына есеп беру постымда жазғанмын:
https://www.facebook.com/share/p/16ivnM1zpn/?mibextid=wwXIfr Ал мәслихат депутатының деңгейі мүлдем бөлек. Ол - халықтың атынан сөйлей алатын, сұрау сала алатын, талап ете алатын бірден-бір тұлға. Сол құзіретті неге пайдаланбады? Мысалы мен Президенттің «Жаңа Қазақстан» құру бастамасына тамшыдай болса да үлесімді қосқым келіп депутаттыққа кандидаттығымды ұсындым. Екі ай бойы сайлаудың «асханасын» жақыннан көрдім. Бір ай бойы қоғамды өзіме дауыс беруге емес, сайлауға барып өз дауысына өзі ие болып таңдау жасауына шақырдым. Өзімнің өтетініме 10% ғана үмітім болса да. Өйткені өзгеріс болуы үшін алдымен қоғамның деңгейі өсуі керек. Қоғамның талабы өзгеруі керек.
Иә, әділетсіздіктер орын алды. Жалғыз жергілікті атқарушы билік тарапынан емес, қоғамның тарапынан да. Өйткені алдарына кездесуге барғанда «Жастар керек. Сендерді қолдаймыз!» деген тұрғын үйлер төрағалары (дом.комдар) мен көше белсенділері, сайлау күні бай кандидат берген 5 мың теңге үшін көшесінің тұрғындарын сайлау участкесіне көліктермен тасығандарын да көрдім. Көргендерімнен ой түйіп «Сайлаудың пиарына бөлінетін қаржыны ауаға шашпай, тікелей сайлауға келіп дауыс берген әр сайлаушының шотына 5 мың теңге аудару керек» деген ұсынысымды пост ретінде жазып та қойдым. Сілтемесі:
https://www.facebook.com/share/1DnMXLpWUA/?mibextid=wwXIfr Өйткені 5 мың үшін бәрі келеді сайлауға. Келген соң өз таңдауын жасайды. Бұл ұсынысым болашақта өміршең болуы әбден мүмкін. Өйткені өзімнің көзіммен көргендерімнен түйген ой. Ал бұл не істеп жүрдің сайлау кезінде? Мені, мен сияқты өзге кандидаттарды даттап пост жазғаннан басқа? (Ондай әрекеттерін тегін істеген шығар деп үміттенемін. Бірақ сене алмаймын). Тіпті Парламент Мәжілісіне өзің ұсынуына болар еді, егерде жергілікті Мәслихаттарды місе тұтпаса. Неге ұсынбады? Әлде қарым-қабілетіне сенбеді ме? Иә, мүмкін «Әділетсіздік боларын білдім» деген сияқты сарындағы жауабы дайын болар. Бірақ кез-келген мәселемен процестің ішінде болып күрескен әлдеқайда тиімдірек. Қабырғаның сыртында жүріп айғайлағаннан. 7-ШІ ФАКТ Осындай сұрақтардан келіп оның «қоғам үшін, халық үшін» деген риторикасына күмәнмен қараймын. Үлкен күмәнмен. Тіпті өзінің Құрылтайға мүшелігін де өзінің қара басының пиары мен материалдық қажеттілігі үшін пайдаланып келді-ау деген ойға жетелейді. Әрі бұның “Сәләфиттермен айқасы” қазір соншалықты актуалды емес. Өйткені қоғамның қарсылығы жаппай сипат алып, олар онсыз да қоғамнан ысырылып бара жатыр. Қорыта айтар болсам, бұл блогердің Құрылтайдан кетіп өзімен-өзі болған ендігі шақта, қаншалықты «саяси салмағы бар тұлға» екені белгілі болады. «Атаңның» дәуірі кеткен соң, «адасып» кеткенін көргім келмейді. Қазақтың бір қызы ғой. Есін жинаса «ел болып» кетуі бек мүмкін. Ал әрі қарайда «Ұядағысын ұшқанда ілемін» десе, мұның еркелігін енді ешкім көтере қояды деп ойламаймын. Рүстем АШЕТАЕВ, Шымкент қаласы "Қоғамдық кеңес" мүшесі. Фото автордың парақшасынан алынды.