"Ғани Бейсембаев - өлімді тоқтатқан министр, ел 37 жыл күткен ұлт ұстазы" ма?

"Ғани Бейсембаев - өлімді тоқтатқан министр, ел 37 жыл күткен ұлт ұстазы" ма?
Түнеукүні Семейде шырша құру кезінде құлаған мұғалім оқиғасы еліміздегі басқа ұстаздарды бей-жай қалдырмады. Мұғалімді өзіне міндеттелмеген жұмысқа жеккендер мен соған бұйрық бергендерге қатысты ұстаздар ренішке толы пікірін ашық білдіруде деп жазады Democrat.kz.  "Министр Ғани Бейсембаев әріптестерін қорғай алмады" дейтін наразы пікірмен қатар әлеуметтік желілерде министрді "новаторға" теңейтін пікірлер де жазылуда. Мысалы, Жандос Сапаров атты әлеуметтік желі қолданушы: "Азамат Ғани Бейсембаев алаңдаушылық танытқан бас ұстаздың әрекеті барлық басқарма, бөлім басшылары мен педагогикалық, кәсіптік-техникалық колледждер, мектеп директорларына өнеге болғаны құба-құп болар еді! Жасай беріңіз Ғани Бектайұлы!" деп жазды. Ал Гүлшат Тұрмағамбет атты желі қолданушы: "Ғани Бектайұлы әділеттікті ту еткен ғазиз жан! Әрбір мұғалімге жанашыр, арашашы болуға дайын Ұлт Ұстазы шыршаны безендіруде жарақат алған мұғалімге жанашырлық танытып парақшасында басшыларға ескерту жазғанынан көрінді. Ғани Бейсембаев Бектайұлы келгелі Республиканың білім ошақтарында әділеттіктің ақ таңы атты! Министрдің әр ұстазға қамқор да жанашыр ниеті әр сөзінен естіліп тұрғаны жығылғанға демеу, жылағанға медет болды емес пе! Қандай аяулы Азамат! 37жыл армандап күткен қазақ халқының тілегі орындалғаны осы патриот практик әріптесіміздің Министр болғаны еді. Қарапайымдылығының өзі өнеге. Патшадай білімді! Білім саласының мәселелерін айтқызбай біліп отыр. Новатор! Ұлттық идеологияны сауатты ұсына білді! Әр сөзінде әділдік бар. Ең бастысы мұғалімдерді қорғай алғаны. Ғани Бектайұлы келгелі тесттен бір де бір адам өлген жоқ! Өлімді тудырған себептерді бір демде жойды! Өлімді тоқтатқанынан ақ мықты патриот екенін сезген едім. Үмітіміз ақталды! Біз Сізбен біргеміз Ғани Бектайұлы! Жарақат алған әріптесіме тез сауығып кетуін тілеймін", - деп жазды. Дәл осы Семейдегі оқиғада министр Бейсембаевты осылай көкке көтеріп мақтаудың қаншалықты қажеті бар еді? Бұл сұрақтың жауабын оқырманның еншісіне қалдырдық. Дайындаған - Мәриям КЕНЕСАРЫ. Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды. 
Барлық жаңалықтар