Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы ел азаматтарының неше жасында отбасын құрып жатқаны жайлы статистика ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ел жастары неше жаста үйленгенді құп көреді?
Статистикаға сенсек, еліміздегі қыз-жігіттер 30-ға жақындағанада бір-ақ отбасын құрып жатыр. Нақтырақ айтсақ, соңғы үш жылда қазақстандық жігіттер 25-29 жас аралығында ең көп некелескен.
"2022 жылы - 41 207 жігіт, 2023 жылы - 36 882 жігіт отбасын құрған. Оның ішінде 2022 жылы - 38 038 жігіт, 2023 жылы - 33 824 жігіт алғаш рет некеге тұрған. Ал 2022-де 39, 2023 жылы - 41 ер адам әйелінен айырылып, екінші рет некелескен. 2022 жылы - 3095, 2023 жылы - 2982 ер адам ажырасып, қайта үйленген" делінген деректе.
Еліміздегі қыздардың ең көп тұрмыс құратын орташа жасы 20-24 жас. Бұған Ұлттық статистикалық бюро ұсынған дерек дәлел. "Отырған қыз орнын табады" деген мақалға сүйенетіндер қыздар да аз емес.
"Соңғы үш жылда жалпы алғанда 20-24 жас аралығындағы 97 774 қыз тұрмыс құрған. Оның ішінде 94 439-ы алғаш рет қалыңдық атанғандар. Ал 72-сі жесір қалып, қайта некелескендер. Сондай-ақ 3171 әйел ажырасып, қайта өз бақытын тапқандар" деген сандар көрсетілген деректе.
Қай аймақтың жастары үйленуге асықпайды?
2023 жылғы статистикамен есептесек елімізде бірінші некеге тұрған
жігіттердің орташа жасы - 27,8 құрайды. Ең кеш үйленетін жігіттер Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан.
"2023 жылғы дерекке сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының жігіттері орташа алғанда 29,1 жасында шаңырақ көтереді. Одан кейін, Шығыс Қазақстан - 29,0, Алматы қаласы - 28,8 жастары көшті жалғайды. Өзге аймақтармен салыстырғанда Маңғыстау облысының жігіттері ерте үйленетін жастар қатарына жатады (Маңғыстау - 26,1 орташа жас)" делінген деректе.
Ал қыздардың орташа жасы бұдан да ерте. 2023 жылғы дерекпен алсақ, қазақстандық
арулардың тұрмыс құратын
орташа жасы - 25,2 құрайды.
"Солтүстік Қазақстан облысының қыздары орташа алғанда - 26,6 жасында отбасын құрады. Одан кейін тізімді Павлодар - 26,5, Шығыс Қазақстан облыстары - 26,4 жастары жалғайды. Ал Түркістан облысының қыздары (орташа жас - 22,9) ерте тұрмыс құратындарға жататыны белгілі болды" делінген ақпаратта.