Елімізде биыл қанша шенеунік жемқорлықпен ұсталды?

Елімізде биыл қанша шенеунік жемқорлықпен ұсталды?
Жыл басынан бері 660 адам жемқорлыққа қатысты істі болған. Оның 104-і басшы қызметін атқарған. Әшкереленгендер арасында кімдер бар? Толығырақ Massaget.kz материалында.  Антикор мәліметінше, биыл 5 айдың қорытындысы бойынша елімізде жемқорлыққа қатысты 947 қылмыс тіркеліп, 660 адам әшкереленген. Оның 104-і – әртүрлі деңгейдегі басшы: 13 республикалық және 45 облыстық буынның басшысы. Әшкереленгендердің арасында бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов; ТЖ жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі; Экология министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы; "Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы" КЕАҚ басқарма төрағасы; "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК экс-директоры; Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы; Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері департаментінің бастығы; Шымкент қаласының – тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы; Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Ұлытау" ұлттық табиғи паркі директорының міндетін атқарушы; Ұлытау облысы бойынша мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы және басқалар. Әшкереленген 660 адамның 384-і - шенеунік (лауазымды адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген адамдар, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар - еск.). Өңірлер бойынша Астанада 45, Шымкентте 34, Алматыда 24, Алматы облысында 30 және Түркістан облысында 29 лауазымды адам ұсталған. Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды. 
Барлық жаңалықтар