Дүкендегі тіл дауы: Тіліміздің төрге шығуы - өз қолымызда

Дүкендегі тіл дауы: Тіліміздің төрге шығуы - өз қолымызда

Достар, кешегі мәселенің немен аяқталғанын жазуды парыз деп ойладым. Өйткені біріңіз түнде, біріңіз таңертең хабарласып, жылы сөзбен қолдау білдірдіңіздер! Алаңдап отырған көңілдеріңізден айналдым. Сіздерге алғыстан басқа айтар сөзім жоқ. Алла сіздерді еселеп қуантсын!

Сонымен, маған Астана қалалық Тіл Басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп мырза хабарласып, заң бұзған дүкенге қандай шаралар қолданғанын жеткізді. Дүкеннің маңдайшасында мемлекеттік тілде ақпарат болмағасын, оны алып тастапты. Сондай-ақ, дүкен ішіндегі кассалық чектеріне де мемлекеттік тілге ауыстырылуы талап етіліп отыр. Өкінішке қарай, қазір Тіл басқармасының да айыппұл салу тетігі жоқ. Яғни, Тіл басқармаларының құзыретін күшейту уақыт талабы, қоғам талабы боп тұр. Әрине, мұндай тіл талаптарын орындамаған нысандарға қатысты шұғыл шара тек резонанс болған жағдайда ғана жылдам шешілетіні өкінішті. Бірақ кешегі Магнум кейсі, бүгінгі Envy кейсі қоғамда тіл мәселесінің қаншалықты өзекті проблемаға айналғанын көрсетеді. Біз демалыста кафеге барғанда, “ас мәзірі қазақша ма екен”, караокеге барғанда, “қазақша әндер бар ма екен”, балаларды ойнататын ойын-сауық орталықтарында қыдырғанда, “аниматорлар қазақша сөйлей ме екен” деп алаңдап отырғымыз келмейді. Банкте, халыққа қызмет көрсету орталығында, дүкенде не сән салонында, яғни кез келген жерде заң талаптары орындалуы керек. Яғни, бірінші кезекте жазбалар, дыбыстық хабарламалар, чектер, көрнекі құралдар, тағысын тағы мемлекеттік тілде, одан кейін қажет болған жағдайда ғана басқа тілдерде жазылуы керек. Бұдан да бизнес сабақ алған шығар деп үміттенеміз. Айтпақшы, дөрекілік танытқан сатушы кінәсін мойындап, екеуімізден кешірім сұрағысы келген екен, шыны керек, Магнумның курьері мен тапсырыс берушісі сияқты “құшақтасып” табысқым келмеген соң, рахмет дедім, заң талаптарын орындаса да жеткілікті. Тіліміз аман болсын! Сіз бен біздей талапшыл, намысшыл, елшіл, мемлекетшіл азаматтар барында тіліміз өлмейді деп сенем. Камшат ТАСБОЛАТ, журналист. Фото көрнекілік үшін.  
Барлық жаңалықтар