Дәрігерлік тексеруден жұрт неге қорқады?

Дәрігерлік тексеруден жұрт неге қорқады?

Туысыңыз, танысыңыз, әріптесіңіз - әйтеуір сіз танитын адам инсульт әлде инфаркт алып комаға түскен соң есін жиып, емделіп, денсаулығы жақсарған оқиға бар ма? Иә, оқиға деп әдейі жаздым. Себебі ондай адам болса, бұл, расында, ОҚИҒА болар еді. Комадан оянып, туыстарына оралған оқиғалар әзірге кинода ғана сияқты.

Төркінімде комаға түскендердің ешбірі жансақтау бөлімінен тірі шықпаған екен. Содан ба, комаға түсті десе, туыстары оны жөнелтуге дайындала бастайтын әдет тапқан. Тіпті ауыл арасында комадағы науқастың апаратын өшіріп өлтіре салады деген өсек жүр. Дәлел болмаған соң өсек демегенде, не дейміз? Айтпақшы, өткенде скринингтен өтіп тұрудың пайдасы туралы жаздым. Төркінімдегі мен сөйлескен алты адамның ешбірі сондай скринингке барып көрмеген, дәрігер шақырса, жақтырмайтынын да жасырмады. Мұнысы дұрыс емес екенін айтып, дәл сол скрининг үшін миллиондаған ақша бөлінетінін, тексерілген жөн екенін айтып бақтым. Қысқасы, төркінімдегілердің дәрігерге деген фобиясы сұмдық! Құдды жаналғыш көретіндей. Халықтың түсінігін өзгертпесе, дәрігерлердің жауапкершілігін көтермесе, ауылдағы аңғал ағайын қырылып қалатындай көрінді өзіме. Скринингтен өтуге шақырған емес деген де әңгіме айтылды арасында. Сонда медмекемелер жоғарыға скринингтен өткендер туралы есепті қалай тапсырып жүр? Мысалы, бақилық болған ағамның қан сараптамасы адам шошырлық деңгейде. Ең сорақысы, ағам 3-4 ай бұрын Сарыағашқа барып ем алған, дәрігерлер денсаулығың тастай деп шығарып салған. Ал анализ қорытындысын көрген астаналық білікті дәрігерлер мынадай анализ кеше ғана пайда болмаған, жылдар бойы қалыптасқан деп отыр... Дәрігерлер жылына екі рет медтексеруден (скрининг емес) өтуге кеңес береді. Сол кеңесті орындап жүргендер бар ма арамызда? Халима ТӘЖІҚҰЛ, журналист. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар