Белсенді ұстаз министр Ғани Бейсембаевқа шағым хат жолдап, талабын қойды

Белсенді ұстаз министр Ғани Бейсембаевқа шағым хат жолдап, талабын қойды

Белсенді ұстаз Жанар Сағынбай Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа ресми шағым хат жолдады деп жазады Democrat.kz.

Өз шағым хатында белсенді ұстаз білім беру жүйесіндегі бірқатар мәселелерді шешуді, сонымен қатар өз ұсыныстарын да қосымша ретінде көрсетіп, ұсынған. "Құрметті Ғани Бектайұлы!   Сізге еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту жолындағы еңбегіңізге сәттілік тілей отырып, бүгінгі күні алаңдаушылық тудырып отырған аудандық әдістемелік кабинеттің кәсіби әлсіздігіне байланысты өз тарапымнан ресми шағым білдіруге мәжбүрмін. Шағымның мәні мынадай:

Әдіскерлердің кәсіби деңгейі сын көтермейді

Қазіргі таңда аудандық әдістемелік кабинетте отырған мамандардың көпшілігінің мектептегі нақты педагогикалық тәжірибесі жоқ, біліктілік санаттары төмен, кейбірінде мүлде жоқ. Мұндай кадрлар мұғалімге әдістемелік бағыт-бағдар берудің орнына, кеңсе жұмысымен ғана шектеліп отыр.

Жұмыстың мазмұны формализмге негізделген

Әдістемелік құрылымның негізгі қызметі – мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету болуы керек еді. Бірақ, шын мәнінде, әдіскерлер тек ақпарат жинау, есеп сұрату, қағаз толтыру сияқты формалды функцияларды ғана атқарады. Бұл әрекеттер педагогтер арасында сенімсіздік пен наразылық туындатуда.

Іс-шаралар – нәтижесіз

Өткізіліп жатқан әдістемелік кеңестер мен семинарлардың практикалық құндылығы жоқ. Мұғалімдерге шынайы қолдау көрсету орнына «өтті» деген белгі үшін ұйымдастырылып жатқан жиындардан нәтиже жоқ. Педагогикалық жаңашыл бағыттар, заманауи әдістемелер, тәжірибе тарату секілді өзекті мәселелер мүлде қозғалған емес.

Кадр саясаты жүйесіз

Әдіскер лауазымына қойылатын кәсіби талаптар сақталмайды. Қызметке кездейсоқ, тек орын толтыру мақсатында алынған адамдар отыр. Мұндай жағдай аудан көлеміндегі білім сапасына тікелей теріс әсерін тигізіп отыр.

ТАЛАПТАРЫМ:

* Аудандық әдістемелік кабинет қызметіне республикалық деңгейде тексеріс жүргізуіңізді; * Әдіскер лауазымына мемлекеттік деңгейде нақты кәсіби талаптар енгізуіңізді; * Әдістемелік қызметті формализмнен арылтып, нақты нәтижеге бағыттауға ықпал етуіңізді; * Аудандық білім бөлімдеріне білікті мамандарды іріктеу бойынша тапсырма беруіңізді сұраймын. * Әдіскерлердің жалақысын мұғалімнің санаттарымен теңестіру, яғни "педагог-зерттеуші", "педагог-шеберлер" осы қызметке тартып, жалақыларын мектептегі жалақыысымен теңестіру қажет; Құрметті Ғани Бектайұлы! Мұғалімге бағыт көрсетіп, кәсіби өсуіне жол ашатын тұлға – әдіскер болуы керек. Егер бұл буын әлсіз болса, білім сапасының да жоғарылауы екіталай. Мәселені назардан тыс қалдырмай, нақты шара қабылдайсыз деген сенімдемін. Өтірік жұмыс өрге жығады" деп жазған Жанар Сағынбай министрмен кездесуге, қажет болса, E-Otinish арқылы да ұсыныстарын жолдауға дайын екенін жеткізді. Фото әлеуметтік желіден.
Барлық жаңалықтар