"Ата-аналар комитеті" дегенді жою керек пе?

"Ата-аналар комитеті" дегенді жою керек пе?

Әлеуметтік желіде мектеп, балабақшада жиналатын ақшалар туралы түрлі пікірталастар туындап жатыр деп жазады Democrat.kz.

Қанша жерден тыйым салынса да, мектеп, балабақшаларда ақша жинау тоқтамай тұр. Өкінішке қарай, ата-аналар да, педагогтар да осындай ақша жинаудың салдары бара тәрбиесіне тікелей әсер ететініне мән бермейді. Мәселен, өз жазбасында қоғам белсендісі Мәди Сырымбет: "1) Бесінші сынып оқушысынан естігенім (ол өтірік айтпайды): - Екі оқушы мұғалімнен сабақтан ерте бостауды сұрапты. Жібермеген. Буфеттен екі шоколад әкеліп беріпті. Шәй ішіңіз деп. Сабақтан босатыпты. 2) Тәрбиешіден естігенім (ол да өтірік айтпайды): - Бұзықтау кішкентай бала апай шоколад жеңіз деп әкеліп беріпті. Бақшаға ертіп келген анасынан неге шоколад әкелдіңіз десе, балам сізді жақсы көреді депті. Біраз уақыттан кейін тынышсыз балаға ұрысса, енді саған шоколад әкеліп бермеймін. Жаман апайсың деп жылапты. Оны естіген тәрбиеші кешке шоколадты анасынан қайта беріп жіберіпті. Баланың сөзінен кейін тамағымнан өтпей қалды дейді. Бұдан шығатын қорытынды. Кішкентай бала апайым ұрыспасын деп шоколад беріп тұр. Жемқорлық кішкентай сәбидің қанына дейін сіңіп кетіпті. Қазақстанда әзірге жемқорлық жойылмайды-ау" деп жазды. Осы жазбаға қатысты оқырмандары күнделікті өздері куә болған осындай оқиғалар туралы және білім саласындағы ақша жинауға қатысты пікірлерін жазуда. Бірі: "Балам футболға барады. Қасындағы 3-4 бала А тобына ауысты. Балам мен де ауысайыншы, дейді. Емтихан арқылы А тобына алыңыздар, деп хабарлассақ, орын жоқ, дейді. Артынша тағы 1-2 бала ауысты. Оны көріп балам айтады, емтихансыз, ақша берсек алады екен, ана балалар ақша бердік, деп айтты, беріңдерші, дейді. Біз жоқ, төмен топта болса да ойнайсың, ешкімге ештеме бермейміз, дедік. Ата-аналар клубты жағалап жүріп, ақша беріп ауыстырған, оны балалар да естіп жатыр. Сөйтіп баланың санасына жемқорлықты сіңіріп жатыр. Жемқорлық оңайлықпен тоқтамайды, біздің қоғамда" деп жазса, енді бірі "Ата-аналар өздері жаман үйреткен. Мұғалім айтпаса да сыйлық жасағысы келіп тұрады ғой. Сол үшін ата-аналар комитеті дегенді құрту керек" деп жазды. Фото көрнекілік үшін.  
Барлық жаңалықтар