Арнамызға сұхбат берген белгілі этнограф Тұрар Саттарқызы соңғы жылдары сәнге айналған тұсаукесер рәсіміне қатысты алаңдаушылығын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біз тұсаукесердің шын мәнін жоғалтып алдық. Бұрындары бұл рәсім үй ішінде, отбасы мен көршілердің қатысуымен қарапайым ғана өтетін. Ал қазір ақ жол төсеп, баланың алдына түрлі заттар қойып, "кім болар екен?" деп болжау жасау сәнге айналды. Бұл — қазаққа жат, кәрістердің "ассанди" деген салтынан көшірілген нұсқа", — дейді ол.
Этнографтың айтуынша, қазақ ешқашан баласының болашағын алдын ала болжауға тырыспаған.
"Қазақ баласының алдына ешқашан зат қоймаған. Біз үшін бастысы — бала аман болсын, еркін жүрсін. "Жүре бастаған баланы көршіге көрсетіп, көрген көзге қуаныш сыйлау" тұсаукесердің негізгі мақсаты", — дейді Тұрар Саттарқызы.
Маман бұл салттың түпкі мәні бұрмаланып, шоуға айналғанына қынжылады.
"Бұл дәстүр қазақ арасында 2000 жылдарға дейін мұндай форматта болмаған. Яғни, қазіргі кең тараған нұсқасы – кейін енгізілген, бөтен элемент", - деп пікір білдірді маман.