Тірі өліктердің еліне айналдық... ардан аттап, адамдықты жоғалттық

Тірі өліктердің еліне айналдық... ардан аттап, адамдықты жоғалттық

"Ойсыздықтан ойран болған қоғам". Біз кімбіз? Қайда барамыз? Кім болып барамыз?.. Қазір ел іші алаң – сырттай тыныш, іштей быт-шыт. Бүгінде не көп – қаржылық пирамида көп. Бірі – алтын берем десе, бірі – жұмаққа жеткізем дейді.

Халық та аңқау емес, шаршаған, үміттен шаршаған... Ал осы үмітпен ойнаған алаяқтар – өз ішімізден шыққандар. Жау алыстан келген жоқ, жау – жаныңда жүрген адам бейнесіндегі мақұлықтар. Жемқорлық – жүйеге айналды. Балабақшадағы бүлдіршінге дейін параның салқынын сезіп өсіп келеді. Әлімжеттік – енді мектептен емес, ойын алаңынан басталады. Баланың қолында қуыршақ емес, өш-пышақ боп кетті. Мектепте – тәрбие емес, әлімжеттік үстем. Ұяда ұялатпаған тәрбие – қоғамда қасірет боп оралып отыр. Бүгінде қарияны тыңдайтын құлақ азайды. Өйткені біз рухани тамырымыздан ажырадық. Ата-әже тәрбиесі – архаизмге айналды. Бұл – қазақылыққа түкіргенмен тең. Нәтижесі: Қарттар үйі көбейді, түрмелер толды, ал жастарымыз – қайғы мен қатыгездіктің құрбаны. Инабатты қыздарымызды көше көрген қатыгездер ұрып-соғып, қорлап, көпқабаттыдан секіріп өлтіріп жатыр. Ұлдарымыз – топтасып тепкілейтін, пышақпен жан алатын жауызға айналды. Жаның түршігеді, қаным қайнайды! Қоғам қайда бара жатыр? Бұл біз қалыпты деп үйреніп қалған "жағдай" ма? Бір-бірімізді жеп жатырмыз. Бейне бір тірі өліктердің елінде өмір сүріп жатқандаймыз. Өйткені бұл – тәрбиесіздіктің тоқпағы. Тәрбиесіз ұрпақ – тексіздікке жетелейді. Тексіздік – зұлымдықтың басы. Ал зұлымдық – өрт секілді: бір тұтанса, бар дүниені жалмайды. Сол от қазір өзегімізді өртеп жатыр. Бізге заң емес, ар керек. Заңымыз әлсіз емес – жанымыз әлсіз. Себебі адам баласының ішінде бір дию, бір зұлым күш бар. Оны тәрбиемен тұсауламасаң, ол сені жұтып тынады. Сондықтан ең алдымен ішкі диюіңді өлтір. Оян, көзіңді аш! Жыла, тебірен, өкініп өкір, солай ғана қайтадан Адам болып туғаныңды сезінесің. Атам қазақ "Мың өліп, мың тірілген" – деген. Бұл тек тарих емес, рухтың қайсарлығы еді. Бүгін де сол рухты қайта тірілту керек. Әйтпесе, біз ойсыздықтан ойран болған елге айналамыз. Әр күн сайын кемі бір адамға, тіпті бір итке болсын көмектес. Қолыңнан келген жақсылықты жаса. Өйткені адамдық – әрекеттен көрінеді. Мейірім – сенің көздеріңнен, сөздеріңнен, ниетіңнен төгілуі тиіс. Қазақ – өзін бесіктен көрге дейін тәрбиелейтін халық. Қарттарымыз да қарап отырған жоқ – екі қолымен еңбек етіп, әлі де елге сүйеу болып отыр. Біз де тоқтамауымыз керек. Тұрған су сасиды – ал біз тұнық болайық. Ниетіміз түзу болсын, себебі Құдай – пейілге береді. Айгүл ҚҰРМАНБЕК, қоғам белсендісі. Фото көрнекілік үшін.
Все новости