Шерзаттың анасы қайғылы оқиға болған түнді баяндап берді

Шерзаттың анасы қайғылы оқиға болған түнді баяндап берді

Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембаева қанды оқиға болған түні жағдайдың қалай болғанын бастан-аяқ баяндап берді. Оның айтуынша, сотталушылар Шерзаттың ауыр жарақат алғанына қарамастан соққыға жыққан.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Гүлбара Бишембаева төбелестің қалай басталғанын, Шерзаттың қалай жарақат алғанын айтып берді. “2024 жылы 4 қазанда түнгі 12 жарымда Қаржаубай хабарласып, Нұрғанатты дүкенге жіберуді сұрайды. Нұрғанат көлікке мініп кетті. Артынан әжесі екеуіміз жолға шығып кеттік. Дүкенге 10-15 минутта бардық. Көліктен түсіп, жолдың екінші бетіне өткенде дүкеннің алдынан 10-15 шақты адамды көрді. Арасынан 2 қызды көрдік. Біз дүкеннің алдына келіп тоқтағанда біреулер “делайте” деп дауыстады. Мен оны естідім. Сол кезде бұлар жабылып кетеді. Шерзат Дарханды ұрған соң Дархан өш алмақ болып Шерзатты бетінен ұрды. Шерзат артқа шегініп оны қайта ұрады. Ол артқа құлады. Абзал Ахметті ұрғанда ол дүкеннің қабырғасына басын ұрып алды. Бұлар Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып кетті. Сонда әжесі жүгіріп келіп “балаларым қойыңдар” деп араша түсті”, – дейді Шерзаттың анасы. Оның айтуынша, сотталушылар өзін де өлтіретінін айтып, қорқытқан. “Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алып, жібермей қойды. Сонда “балама тимеңдер, мен анасымын, тимеңдер” дегенде,  Абзал “Аузыңды жап, сені де өлтіреміз” деді. Дүкен жақта екі қыз жүрді. Қыздардан жедел жәрдем мен полиция шақырыңдаршы деп сұрағанда олар  маған қарап тұрды, ештеңе істеген жоқ. Сөйтіп мен екеуінің қолынан жұлқынып шығып, Шерзатқа қарай барамын. Ол кезде 7-8 адам Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып жатты. Сонда Шерзат артқа құлады. Сол кезде Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Шерзат “Мама, мына жағымды қараңызшы” деп сол жағын көрсетті. Сол жаққа пышақ салыпты. Нұрғанатты бір топ адам жабылып, тепкілеп жатты. Нұрғанатты ұрып болған соң олар Шерзаттың ауыр халде жатқанына қарамастан бізге қарай бет алды. Сол сәтте Нұрқиястың қолынан мылтық көрдім. Ол Шерзаттың басынан ұрып жатқан кезде баламды қорғам қолымды тосып қалдым. Қолыма тиді. Одан кейін 3-4 рет басының желке тұсынан ұрды. Олар менің айғайлағыныма қарамады. Сонда маған Нұрқияс “Тыныш тұр, сені де осы мылтықпен ұрамын” деді”, – дейді Гүлбара Бишембаева. Оның сөзінше, басқа үйлердегі адамдар шыға бастағанда ғана сотталушылар тоқтап, қашқан. “Бұлар мені ұстап тұрған кезде Дархан Қаржаубайды бетінен бөтелкемен ұрып, Шыңғыс артынан пышақ салған. Шерзат пен Нұрғанатты ұрып, екеуіне жабылып жатқан кезде Равиль Нұрғанаттың құймышақ тұсына пышақ салды. Бәрінің қолында пышақ болды. Олар Нұрғанатты сүйреп, тепкілеп, арғы жаққа апарып тастады. Одан кейін бұлар бері қарай бет алды. Абзал Шерзаттың артынан пышақ салды. Сол сәтте Нұрқияс Нұрғанатты қарумен ұрып жатты, кейін бері қарай келіп Шерзатты ұрды” , – деді Шерзаттың анасы.
Все новости