Өткен жылы шілде айында Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің 7 қабатынан 24 жастағы қыз құлап қайтыс болған еді. Марқұм Ақнәр Хамитованың анасының айтуынша, қызы өздігінен құлаған жоқ. Қызымды тырнағы мен саусағын жұлып, азаптап өлтірді дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның анасы Гүлстан Хамитованың айтуынша, оқиға өткен жылы 20 шілдеде болған.
“Қызым Ақнәрді тұрғын үйдің 7 блок 133 пәтерде екі қыз қинап, азаптап 7 қабаттан лақтырып жіберген. Ол кезде мен Қытайда болдым. Түнгі сағат 2:30-да маған Whats’App-тан қоңырау келді. Бірақ телефон тұтқасын басқа мас күйдегі қыз алып, қызыммен сөйлесуге рұқсат бермеді. Осыдан кейін туыстарым телефон соғуға тырысты, бірақ ешкім жауап бермеді”, – дейді марқұмның анасы.
Сондай-ақ ол кейіннен әпкесінің телефонына басқа қыздан дауыстық хабарлама келгенін айтты.
"Мұнда бір қызды тұншықтырып, шашын жұлып, өлтіріп жатыр" деген хабарлама келген. Ол кезде мен Қытайда болдым. Мен бірден ағаларыма телефон соғып, оны тез арада тауып беруін өтіндім. Келесі күні Алматыдағы 12-ауруханаға келсем, қызым олар келгенге дейін жарты сағат бұрын қайтыс болыпты", – дейді Гүлстан Қамит.
Бостандық аудандық полиция бөлімі марқұмның анасына қызының өзі терезеден құлап кеткенін айтқан. Алайда Гүлстан Қамиттің айтуынша, Ақнәр қайтыс болған кезде пәтерде тағы екі қыз болған. Олардың істегі мәртебесі "қорғауға құқығы бар куәлар" ретінде нақтыланған. Бірақ марқұмның туыстары қыздың денесін мәйітханадан алып, жуған кезде азаптау іздерін тапқан.