Қазақ қыздары жаппай хиджабтарын шешуде: Бұл ненің белгісі?

Қазақ қыздары жаппай хиджабтарын шешуде: Бұл ненің белгісі?

Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде хиджабты шешкенін мәлімдейтін қазақ қыздары көбейді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Орамалын шешкен арулар

Хиджабтан бас тартып, өзінің өзгергенін, еркін бола түскенін жариялау — қазақ қыздары арасында трендке айналып бара жатқандай. Олар өздерінің діннен безбегінін, бірақ екіжүзді болып, жұртты да, Жаратқанды да алдап өмір сүруден шаршағандарын алға тартады. Солардың бірі — Ақбота Лесбек есімді психолог. Instagram желісіндегі парақшасында өзінің ғана емес, өзгелердің де нәзіктігін оятып, жанына еркіндік сыйлауға көмектесемін деген ол бірер күн бұрын орамалын шешкенін мәлімдеді.
«Иә, мен шын мәнінде орамал тағып маска киіп екіжүзді болып өмір сүрдім. Аллахқа деген махаббаттан емес, қорқыныштан таққанымды мойындаймын. Өзімнен қазып сұрағанда ойым орамал тақсам Алла мені жақсы көреді, мені орамалмен ғана қабылдайды деп қателескен екенмін!!!
Бұл оңай шешім болмады, ұзақ 1 ай ойландым, көп сезімнен өттім. Орамал — менің өмірімнің бір кезеңінде маңызға ие болған, маған тыныштық берген символ болды. Бірақ адам ретінде мен де өсіп, өзгеріп жатырмын. Қазір мен ішкі еркіндігімді, өзімді тану жолында жаңа кезеңге аяқ бастым. Болашақта Аллахқа деген жүрегімдегі ерекше мейіріммен махаббатпен, қайтадан келгім келеді. Мен орамалымды шештім. Бұл менің дінге, наным-сеніміме қарсы шыққаным емес. Бұл – менің өзіммен шынайы болуға, ішкі дауысыма құлақ асуға жасаған қадамым. Білетінім — әркімнің жолы әртүрлі, ал менікі дәл қазір осындай. Мен бұл шешіміме құрметпен қарайсыздар деген үміттемін», — деп жазды ол. Миллионға жуық қаралым жинаған видео желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. «Алла жүректе, дұрыс жасадыңыз», «Ормалға лайық болмағансыз ғой», «Шынайы өзіңізді тапқанда саналы түрде орамалға келетін сәт туады», «Қыздар, осылай орамалсыз әдемі, жас болып жүріңіздерші», «Шешсеңіз де соны желіге салу керек пе», — деп жазды ол. Бірі ішкі еркіндігіме жеткеннен орамалымды шештім десе, тағы бірі «хиджабтың әсерінен өз жұмысымды дұрыс атқара алмадым» дейді. Венера есімді хиджама шебері хиджабтың әсерінен ер адамдарды емдей алмағанын айтады. «12 жыл бойы хиджаб киіп жүріп, шешіп тастадым. Ислам дінінің барлық талаптарын ұстанып, намаз оқыдым. Хиджабқа бірден келгенмін. Ислам дінімен өмір сүрдім, әдебиеттерді зерттедім, бойыма сіңірдім, өзгердім. Дінмен бірге өміріме хиджама келді. Бастапқы уақытта бас ауруынан арылу мақсатындағы құрал болғанымен, кейін өмірлік ісіме айналды. Өзімнің адамдарға көмектесе алатынымды, көмектесуім керек екенін түсіндім. Іссапарлар, түрлі қалалардағы жұмыстарым басталды. Әуежайлар мен вокзалдар да мені қатаң тексеретін. Мен хиджабта болғандықтан қабылдай алмайтын ер пациенттер де болды. Мен хиджабты дінге деген махаббатым өзгергендіктен шешкен жоқпын. Бар болғаны, өз жолымды таңдадым. Хиджаманы, адамдарға көмектесуді таңдадым. Жылдар бойы алған білімім, діннен алған құндылығым ішімде қалды. Иманым өзіммен бірге. Намазға әлі оралатынымды білемін. Ал, әзірге қызмет етуді басқа формада жалғастыра бермекпін. Ешнәрсеге өкінбеймін. Осы нәрселерді қайтадан басымнан өткізу керек болса, қайтадан осы жолды таңдайтын едім», — дейді ол. Бұл — орамалын шешіп жатқан қаракөздердің психологиялық жай-күйінің нақты мысалы.

Шариғат не дейді?

Мүфтияттың ресми сайтындағы ақпаратқа сенсек, әйел адамдардың орамал тартуы – ер кісілердің сақал өсіруінен де үлкен парыз. Орамал тарту – парыз. Орамал – мұсылман әйелдерге Жаратқанның сыйға тартқан ең қымбат сыйлығы. Оған қатысты қасиетті Құран Кәрімде бірнеше дәлел хадистер келтірілген. «Егер пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар! Осылай істеулерің сендердің де, олардың да, (яғни екеулеріңнің де) жүректерің үшін (шайтанның азғыруынан, яғни жаман ойлардан) таза болмақ/Ахзаб, 53/ Құрандағы осы аят «хиджаб аяты» деп танылған. Бұл мүмін әйелдерге хиджабтың парыз болып түскені туралы бірінші аят. Дегенмен, ел ішінде орамалға қатысты көзқарастар қақтығысы мен дау-дамай таусылар емес. Қыркүйекте жаңа оқу жылы басталғанда мектепте болатын «хиджаб дауы» да айнымас үрдіске айналып бара жатқандай. Қорыта айтқанда, өзіміз өмір сүріп отырған зайырлы, толерантты қоғамда ешбір адам діни сенімі мен киген киіміне, саналы түрде жасаған таңдауына ақталмау керек. Тек сол таңдау өзіне де өзгеге де зиянын тигізбесе болғаны.
Все новости