Қазақ ешқашан "Мұхаммед" бола алмайды

Қазақ ешқашан "Мұхаммед" бола алмайды
Өткенде Гүлім әпкемнің бала-келіні Нұрбек пен Шара қызды болды. Арнайы маған өтініш жасап, мен азан шақырып, қамат айтып, ат қойдым. Есімі - Асылым. Бұл есім өзіме қатты ұнайды. Не деген ғажайып, сұлу сөз. Ал, бүгін әріптес ағамыз Бекжігіт Сердәлі «ЕСІМІҢІЗ КІМ?» деген жазбасында: «Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы ұлдар мен қыздар арасындағы 2024 жылғы ең танымал есімдерді жариялады: қыздар Айлин, Медина, Асылым, Айша, Томирис, Аяла, Айым, Раяна, Сафия және Мариям; ұлдар Мұхаммед, Айсұлтан, Әлихан, Мухаммад, Омар, Алдияр, Әмір, Алан, Әли және Хамза. Байқасаңыздар, басым бөлігі таза қазақ есімдері емес. Мәселен, салыстыру үшін, Грузияда Гиоргий, Зураб, Леван, Теймураз, Лука, Гоча; ал, Арменияда Нарек, Айк, Тигран, Арег, Лео ең танымал есімдер қатарында. Тіліміз - қойыртпақ, киномыз - қойыртпақ, әніміз - қойыртпақ, сөзіміз - қойыртпақ, тегіміз - қойыртпақ, енді есімдеріміздің де қойыртпақтана бастағаны ма, деп ойланады екенсің. Кісі есімінің - бәрі жақсы. Дегенмен, ұлтыңның кодын танытып тұратын есіміңнің болғанына не жетсін!» - деп, өте өзекті мәселе көтеріпті. Меніңше, ат қою, есім таңдау - аса ауыр да жауапты міндет. Жастар бір нәрсені түсінбейді: әу баста жаратқан Құдай ұлттарды әртүрлі, тілдерін әралуан етіп жаратты. Неге десеңіз, әр ұлттың өз ерекшелігін айқындап берді. Біз қазір сол Құдайдың «қатесін» түзегіміз келеді. Мысалы, сен - араб емес, қазақсың ба, онда ешқашан Мұхаммед бола алмайсың, сен - мәңгі бақи Махамбетсің! Құдай солай деп шешкен! Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, журналист. Facebook жазбасы. Фото автордың парақшасынан алынды.
Все новости