Мұғалім дәметпесе, ата-аналар оған сыйлық бере ме?

Мұғалім дәметпесе, ата-аналар оған сыйлық бере ме?

Әр оқу жылының соңында Қазақстанда басталатын жаттанды "жыр" бар. Ол - мектеп бітіруші сыныптарда жиналатын ақша "жыры".

Бізде бір жаман әдет бар, мектептегі ақша жинау туралы айтыла бастаса, әр тараптан кінәліні іздеп шапқылап кетеміз. Министрден бастап "мектепте ақша жиналмасын" деген тыйым айтылуын айтылады. Алайда айтылған сөзді қыстырып жатқан не Білім басқармалары, не мектеп директорлары, не мұғалім, не ата-ана жоқ. Мың жерден тыйым салынса да, мектептегі ақша жинаудың бұл науқанын тоқтату мүмкін болмай тұр. Неге? Себебі - мектептегі ақша жинау схемасы түрліше құрылады. Бізге кездескен сондай схеманың бірін мысал етіп көрейік.
Әр сыныпта міндетті түрде бір ата-ана комитет деген қолдан құрылған ұйымды уысына алады. Мұндай ата-ана бұл шаруаны еріккеннен атқармайды. Оның да ішкі мақсаты бар. Ата-аналар комитетінің басшысы ретінде ол сынып жетекшісімен етене жақын байланыста болады.
Сол байланысы арқылы баласының мектепте алатын бағаларына ықпал етеді. Тіпті көп жағдайда комитет басшысының баласы мектепті "үздік" не, "қызыл" аттестатқа бітіретіні бекер емес. Енді бұл мәселедегі мұғалімнің рөліне келейік. Мұғалімге де ата-аналар комитетін "өзіне бағынышты" кісінің басқаруы - тиімді. Қысқасы схема осылай екі жақты тиімді түрде құрылады. Сынып жетекшісі әлгі "белсенді мамаша" арқылы қалаған сыйлығын алады. Ал "мамашаның" баласының бағалары "жақсы" болып шығады. Керемет схема ма? Мұғалім мен "белсенді мамаша" өз дегендеріне сыныптағы қалған ата-аналар арқылы қол жеткізеді. Дұрысы, сыныптың қалған ата-аналарын пайдалану арқылы десек болады.
Бір сыныптағы 25 ата-анаға арналған чатта әлгі "белсенді мамаша" үнемі ұсыныс жасаушы рөлін ойнайды. "Сынып жетекшісінің еңбегі - зор, ұл-қызымыздың бүкіл жүгін сол көтеріп келді. Баламыз үшін ақша аяймыз ба? Баламыз күнде мектеп бітіріп жатқан жоқ. Мұғалімге алғыс ретінде ананы әперсек... пәлен пәннің мұғаліміне мынаны әперсек... түген апайға да бірдеңе берейік, емтихан соның сабағынан..."
Міне, бітіруші сынып оқушысының ата-аналар чатында жаңа оқу жылының басынан маусым айына дейін жазылатын басты дүниелер осылар. Оқу жылының басында белгілі бір сома бекітіледі. Ол сома мұғалімнің қандай сыйлық алғысы келетін қалауына қарай бекітіледі. Жылдың аяғына дейін сол соманы "белсенді мамаша" бүкіл ата-анадан жинап біту үшін ақ тер, көк тер болады. Мұғалім әлгі сыйлықты қашан алады? Мектеп бітіру кешінде алады! Бітіру кеші деген дүние де осындай сорлы әрекеттерге арналған дүние. Былай қарасаңыз, балалардың қуанышы үшін сияқты көрінеді. Ал шындығында бұл банкеттің ұйымдастырушылары "белсенді мамаша" мен мұғалім. Балалар кафеге барып тамақ жеп, ән айтып, билемей, басқаша да көңіл көтерулеріне болады. Алайда банкет өткізу біреулерге маңызды. Дәл осы схеманың тоқтаусыз жүріп жатқанын сіз де, біз де білеміз. Министр де, Білім басқармасы, директорлар да біледі. Біле тұра, көз жұмады. "Мектепте ақша жиналмасын" деген тыйымды жылда қайталаудан әріге аспайды. Демек, түбегейлі тыйым салуға құлықсыз не қауқарсыз.

Қандай ата-ана мұғалімге сыйлық беруді қолдайды?

Білімсіз, қорқақ, "балам үшін" деген надани түсінікпен өзін алдаған, мұғалім баласын оқытқаны үшін Мемлекет бюджетінен тиісті жалақысын алатынына ақылы жетпейтін, өзгелер не айтса, еріп жүре беретін, басқалардан қалмайын деген шарасыз жанталасы бар ата-ана мектепте ғана емес, кез келген істі сыйлық, (дұрысы - пара) берумен шешуге әдеттенген пенде. Ондайларға заң туралы айтудың түкке керегі жоқ. Себебі санасында саңылауы жоқ. Ондайлар "Сен бермесең, берме, мен сыйлық берем!" дейді. Өйткені бар ақылының жеткен жері - сол. Қандай мұғалім сыйлық алады деген сұраққа "ашкөз дүниеқоңыз" деген сөзбен жауап беруге болады. Себебі сыйлық алғыш, дәметкіш мұғалімдердің ішінде өз пәнін жетік меңгерген, "білікті" деген атағы бар мұғалімдер де кездеседі.
Алайда мың жерден пәні бойынша білімді болғанымен, ашкөздік-дүниеқоңыздық деген нәрсе мұғалімді жеңіп кетеді. Пәні бойынша білімді болғанымен, біздегі көп мұғалімнің құқықтық сауаты нөлдік шкалада екенін ескерсек, "басқалар да алып жатыр ғой" деген топаси түсінік шеңберінен шыға алмай, заңды белден басып отыра беретіндері де бар.

Бұдан шығатын қорытынды не?

Мектепте ақша жинауды тоқтатудың жолы бар ма? Сұраққа нақты жауап беру өте қиын. Бір сыныпта кемінде 4-5 сауатты ата-ана болса, қалғандарын сыйлық бермеуге шақырса, қажет болса, тиісті орындарға мектепте ақша жиналып жатқаны туралы хабарласа, бәлкім аз да болса, нәтиже болар. Алайда мектепте ақша жинау мәселесінде ең басты рөл, өкінішке қарай мұғалімде. Мұғалім оқытқан шәкірттерінің ата-анасынан сыйлық дәметпей, керісінше "Жоқ, ата-аналар, балалар ҰБТ-ға дайындалсын. Маған сыйлық берулеріңізге түбегейлі қарсымын! Егер қарсылығыма қарамай, сыйлық берсеңіздер, соңы жақсылықпен бітпейді.
Маған әлдебір сыйлық берсеңіздер, пара беруші ретінде сіздерді жауапқа тартқызамын. Сол сыйлыққа беретін ақшаны балаңыздың студенттік шығындарына жұмсаңыздар.
Мен өз атқарған міндетім үшін айлығымды алып отырмын" десе, мың жерден "белсенді мамаша" болса да, бірден есін жинайтын еді. Үлкен өкінішке қарай, сыйлық алып әбден құныққан кей мұғалімдер бұл сөздерді айтпақ түгілі, керісінше, алатын сыйлығының салмағын арттыруды ғана ойлайды. Және осы мақаланы соңына дейін оқымай, тек тақырыбына қарап "мұғаліммен алысып біттіңдер, мұғалімнің алған гүлі мен шоколадына қарап қалдыңдар ма?!" деп бұрқыратып пікір жазатынның бәрі біліңіз, міндетті түрде не сыйлық алғыш мұғалім, не сыйлық бергіш ата-ана екені сөзсіз. Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ. Фото көрнекілік үшін.  
Все новости