"Мүфтиятқа зияным тиді, енді қияметте тозақта жанамын" деген хаттың сыры мен шындығы

"Мүфтиятқа зияным тиді, енді қияметте тозақта жанамын" деген хаттың сыры мен шындығы

Түрмеде жатқан «Зәм-зәм» директоры Даниярдың «құйрығын бұраған» кім? Бас мүфтидің «құрығы» соншалықты ұзын ба?

Ет комбинатына немесе базарға ірі қара артқанда мал машина бортына кіруге қорқып табандап тұрып алады. Мұндайда жібінен тартсаң да, таяқтасаң да ірі қара жүк машинасына кірмей күйдіреді. Сондай кезде есті малшы ірі қараның құйрығын бұрап жібереді, жаны көзіне көрінген бейшара мал машина бортына ырғып мінеді... Мен төрт күн бұрын «ZamZam Qazaqstan» туристік компаниясының 4 жылға сотталған директоры Данияр Илиевтің мүфтиятқа 200 мың доллар пара дайындап жатқан видеосын жариялап едім ғой. Бұл мүфтият тарапынан ескерусіз қалмапты. Екі күн өткенде түрмеде жатқан Данияр Илиев мүфтиятты «сүттен ақ, судан таза» қылып ақтап, Саудияда жалған визамен ұсталып қалған қажылар оқиғасына өзін ғана кінәлап Қазақстан халқына хат жазыпты. Тіпті өзінен 200 мың доллар пара алған адамның мүфтиятқа ешқандай қатысы жоқ деп, тергеуде, сотта,видеода айтқан сөзінен тайқып шыға келді. «...Мен болсам отирикшилердын отирикшисы болып шықтым, муфтиятка үлкен зиянымды тийгиздым, халық арасында олардың беделин тусирдим кияметке озиме отын дайындадым деген сөз» деп аяқтапты хатын түрмеде жатқан Данияр (хаттағы сөйлемдер өзгертілмей, түзетілмей берілді). 2023 жылы Саудияда қажыларды қиын жағдайда қалдырғаны үшін «ZamZam Qazaqstan» директоры Данияр Илиев 4 жыл түрме жазасын алды ғой. Жазасын өтеп жатыр. 2023 жылы өзі жазған видеоны жоққа шығаратындай «Даниярдың басына не күн туды?!» дейтін шығарсыңдар. Түрме деген оңай емес мынау Қазақстанда. Дүмді, қолы ұзын дөкейлер қапаста жатқан соталушыға да қысым жасай алады. Бұл тұрғыдан алған қатардағы қоғамды ұйым мүфтияттың да түрме камерасына дейін жететін ұзын «құрығы» боп тұр ғой. Әлгі видеодан кейін Даниярдың «құйрығын» қатты бұрап, әлгі сиыр секілді секіртіп жіберген-ау. Әй-әй, бейшара-ай... «Бетбақ -жеңеді, бейшара көнеді» деген осы ма екен?!. Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист. Фото көрнекілік үшін.  
Все новости