Тексеру көп, мақсатты мектеп курсынан өткендерді бақылай ма, әдістемелік көмек бере ме, облыстық (аудандық) білім басқармалары тексеруге құмар. Бірақ сол тексеруде бақылау мәдениеті сақтала бермейді.
Себебі, мұғалімдер өткен курстардан өтпеген біліктілігі төмен бақылаушылар мектепке кіре “мынау дұрыс емес” деп діңкілдей жөнеледі. Әсіресе, мақсатты мектеп тобын зерделейтіндер. (Ондайлардың аудиожазбасы, кейбірінің бейнежазбасы уатсап топтарды аралап жүр)
Қазіргі кейбір әдіскерлер нормативті құжаттармен таныспай ма?! Қатаң есепті құжаттарды білмейді. “Білмейді” дегенім жоғарыда айтқандай бақылауға, тексеруге келеді екен де теріс талап қояды: мысалы ҚМЖ-ға “құндылық неге жазбайсың?” дейді.
Мұғалімнің қолындағы үлгісінде ҚМЖ -ға құндылық жаз демеген. Содан уатсап топтағы әріптесінен сұрайды. Нормативті құжаттар тізбесінен қарайды. “ҚМЖ-ға құндылық жазылмайды” деп айтса, бәлеге қалады.
Қаптаған бірін-бірі қайталаған құжаттардың, жиі өзгеретін талаптарының қайсысы дұрыс екенін білмей басы қатады.
Бұл құжаттар 2021 жылғы 130 бұйрықта нақтыланған, онда ҚМЖ-ның арнайы үлгісі бекітіледі. Ол бұйрықты 2022 жылы 472 бұйрықпен өзгертеді, толықтырады.
Бұл бұйрықтағы ҚМЖ үлгісінде құндылық 45 минуттық сабақта жазылмайды, онысы дұрыс әр сабақта мұғалім сабақ ресурсына қарай құндылықты өзі таңдап алады, мұғалім тапсырмалар барысында (адалдық, уақытты бағалау, ұлттық құндылық т.б)әртүрлі құндылыққа тәрбиелейді, ал тәрбие сағатында бірыңғай тәрбие бағыттарына қарай берілген, белгіленген құндылықты жазып, соған тәрбиелейді.
Енді анау бақылаушы тепсініп сабақ ҚМЖ-на “құндылықты жаз” деп айтады екен. Ұят емес пе?! Әдетте әрқашан соңғы шыққан құжат басшылыққа алынады.
Сондықтан 2022 жылғы 472 бұйрыққа бағынған мұғалімнің ҚМЖ үлгісі дұрыс, ал бақылаушының талабы (Ол 2021 жылғы 130 бұйрықты, онда да ескі үлгіні көрсетеді) дұрыс емес.
Бұл жерде бақылаушы тәрбие сағаты мен психолог жұмысының талабын мұғалімге қойып тұрғанын біле ме екен?! Білмейді!!!
472 бұйрықта ҚМЖ-ның бірнеше үлгісі берілген. Соны бақылаушы әдіскерлер дұрыс оқып түсініп алуы керек. Талап қоюдың да жөні бар.
Мира БАРКАЗАТҚЫЗЫ, білікті ұстаз.
Фото көрнекілік үшін.