"Жайлы мектептің" басқа мектептерден айырмашылығы неде?

"Жайлы мектептің"  басқа мектептерден айырмашылығы неде?

«Жайлы мектеп» жобасы туралы естіп жүрген шығарсыздар. Кеше Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы жоба туралы брифинг өткізіп, түсіндіріп берді. Сонымен, министр не деді? «Жайлы мектептің» қандай айырмашылығы бар?

Жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған. Мақсаты елдегі орта білім деңгейін көтеру, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жою. Соған байланысты «Жайлы мектепте» ортақ білім стандарты енгізіледі. Яғни, ауылдың қарадомалақ баласы да, қаланың ақсаусақ баласы да тең дәрежеде білім алады. Ең бастысы, оқуға ниет танытса болғаны. Айтпақшы, ендігі жерде мұндай білім ордалары «Келешек мектептер» деп аталмақшы. «Жайлы мектепте» негізгі пәндерді ғана оқытып қоймайды, сонымен қатар үлкен өмірге де тәрбиелейді. Мәселен, «Адал азамат» тұжырымына сай келетін, біреудің еңбегін бағалайтын, әділдікке жаны құмар азаматтардың өсіп шығуын қамтамасыз етеді. Оқушының эмоциялық интеллектін де дамытуға басымдық беріледі. Шыны керек, жаңадан салынған мектептерге жасалған жағдайды көргенде тамсанасың. Аумағы үлкен, кабинеттері үлкен, демалуға арнайы орындар белгіленген. Ішкі және сыртқы интерьері эстетикалық ләззат сыйлайды. Қауіпсіздігі қатаң бақыланады. Интернет, заманауи зертханалар, компьютерлік сыныптар бәрінде болады. Әр оқушыға арналған сөрелер болады. Әр қабатта су ішуге арналған арнайы орындар қойылады екен. Еңбекке баулуға, қолөнер, өнерге үйрететін арнайы кабинеттер ашылады. Медициналық кабинеттер де міндетті түрде жұмыс істейді. Көру былай тұрсын, осыны естіп отырып-ақ бәрін тастап, қайтадан «Жайлы мектептің» табалдырығын аттап, бірінші сыныпты оқығың келіп кетеді. Елдің ертеңі өскелең ұрпақ десек, онда сол ұрпағымыздың сапалы білім алуын қамтамасыз етуіміз қажет. Сондықтан мемлекеттің «Жайлы мектеп» секілді жобаларды жүзеге асырғаны өте дұрыс. Бізге тойхана, мешітті қаптатып салғанша мектеп салу керек! Оңғар ҚАБДЕН, журналист. Фото көрнекілік үшін.

Все новости