Біздегі ажырасудың көбеюіне тікелей ықпал етіп отырған кімдер?

Біздегі ажырасудың көбеюіне тікелей ықпал етіп отырған кімдер?

Қазақстан ажырасу бойынша әлемде алдыңғы орынға шықты дейміз. Алайда сол ажырасудың неге қалыпты әдетке айналғанына аса мән бере бермейміз.

Қазір өзіңіз танитын кісілердің екісінің бірі ажырасқан болуы - қалыпты құбылыс болды. Бір отбасының бірнеше баласы ажырасқан жағдайлар аз емес. Неге ажырасу - ең оңай шаруаға айналды? Қоғамда бұл тақырыпқа еркек-әйел болып пікір таластыру мәселенің шешімін таба ма? Жоқ. Ажырасу туралы сөз бола қалса, әйел - еркекті, еркек - әйелді кінәлап атып шығады. Ажырасуда еркек те, әйел де - бірдей кінәлі. Алайда қазіргі адамдардың ажыраса салуына ең бірінші күнделікті өмірде өздері көріп, біліп жүрген жағдайлар өте қатты әсерін тигізуде. Әр күн сайын ақпараттарды ақтарып қарасаңыз, жұртқа танымал кісілердің бүгін думандатып үйленіп, ертең түк болмағандай ажырасып жатқанын көреміз. "Балама әке-шеше керек. Болмашы қиындықтар үшін ажырасып, баламыздың жанына жара салмай, сол қиындықтарды жеңейік. Ажыраспаудың бір жолын табайық" деудің орнына "пәленше де ажырасты ғой, қайта ажырасып, өмірі керемет болып кетті" деген түсінік қалыптасты. Бұл түсінікті басқа емес, кәдімгі танымал жұлдыздар, танымал тұлғалар қалыптастырып, қарапайым адамның санасына сіңіріп отыр. Екінің бірі танитын өнер адамын есіңізге алыңызшы, ешқандай аты шықпаған, ажыраспағаны бар ма? Өте аз. Ең сорақысы, ажырасқаннан кейін керемет өмір сүріп жатырмын дегенді білдіретін ақпараттар ауылдағы айрандай ұйып отырған отбасыларға кері әсерін тигізуде. Теледидар, әлеуметтік желі, интернетті ашып қалсаңыз, ажырасқан жұлдыздардың "жұмақта өмір сүріп жатқаны" туралы сұхбаттарға толы. Барлық жерде ажырасқан еркек-әйелдің зәулім үйлері, уыс-уыс ақшалары, алтынмен апталған образдары тоқтаусыз берілуде. Осыларды көріп отырған, онсызда әлеуметтік тұрмыстан титықтап жүрген, жарқ-жұрқ өмірді сүріп көргісі келетін кез келген адамның ойы міндетті түрде бұзылады. Ажырассам, менің де өмірім осылай керемет болып кетеді деп ойлайды. Мидың бір бұрышында пайда болған осы кішкентай ой ақырындап, сананы кеміре бастайды. Адам ажырасу үшін қадам басқанын өзі де аңдамай қалады. Сол себепті отбасылық үлгісі, өнегесі жоқ кісілерді мың жерден жұлдыз, мың жерден ақылды болса да теледидар, әлеуметтік желі, интернетке мүлде шығармау керек. Ашық ақпарат көздерінде ажырасуды әр сөзімен, әр әрекетімен жарнамалайтын кісілерге тыйым салу керек. Бұлай кете берсек, елімізде отбасы деген түсінік жойылуы әбден мүмкін. Дайындаған - Хақназар САДЫРХАН. Фото көрнекілік үшін.
Все новости